Қарағанды облысында 12 млн теңгенің мұнай өнімдері ұрланған

Ғалиасқар Думан

Қарағанды облысында құны 12 миллион теңгеге жуық болатын мұнай өнімін қолды қылған ауыл тұрғындары ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

ІІМ мәліметінше, Теміртау қалалық полиция басқармасына қарасты Шығыс полиция бөліміне мұнай өнімдерін көтерме жеткізумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшылығы арызданған.

Белгілі болғандай, аталған серіктестік жанар-жағармай сату станциясымен мұнай өнімдерін сатып алу келісім-шартына қол қойған. Бухгалтерлік есеп-қисап жүргізу барысында 11 миллион 893 мың теңге ақша жетіспеушілігі анықталған.

“Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 23 пен 40 жас аралығындағы екі ауыл  тұрғыны ұсталды. Олар мойындау көрсетпе белгілерін берді”, – делінген хабарламада.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін алматылық кәсіпкер 26 мың тонна жанармайды заңсыз сатпақ болған еді.