Ресей бидайы үш мемлекетке қазақстандық өнім ретінде эспортталған

Ғалиасқар Думан

Ресейлік бидайды қазақстандық өнім ретінде экспорттау үшін жалған келісім-шарттар бойынша заңсыз әкелу схемасы анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, анықталған азамат 2021-2022 жылдар аралығында 26 мың тонна ресейлік бидайды Орталық Азия елдеріне (Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан) қазақстандық өнім деп жазылған жалған шот-фактуралар бойынша 1 млрд теңгеден астам сомаға экспорттаған.

Осылайша, жалпы сомасы 460 млн теңгені құрайтын халықаралық транзиттік тариф бойынша тасымалдау төлемдерін төлеуден жалтарған.

“Сотқа дейінгі тергеу аяқталды. ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды”, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұдан бұрын Сенат депутаты Ресейдің астық контарабандасынан Қазақстан бюджетіне миллиондаған салық түспей жатқанын айтқан еді.