Түркі елдерінің кәсіптік одақ ұйымы құрылды

Ulysmedia

29 шілдеде Әзербайжанның мәдени астанасы – Шуша қаласында төрт түркі мемлекеті – Әзербайжан, Қазақстан, Түркия және Өзбекстанның Ұлттық кәсіподақ орталықтары Түркі елдерінің кәсіптік одақ ұйымын  құру туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөз

Қырғызстан Ұйымға бақылаушы мәртебесінде қатысады.

Жаңа құрылымның негізгі мақсаты – еңбеккерлердің әлеуметтік, еңбек, кәсіптік, экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі іс-шараларды біріктіру.

Келісімге қол қойған елдер ынтымақтастық әлеуетін арттыруға және еңбеккерлердің лайықты еңбекке, лайықты өмірге және әлеуметтік әділеттілікке құқықтарын қорғауда жаңа мүмкіндіктер ашуға ниеттерін растады.

Салтанатты шараға қатысушыларды қарсы алған Әзербайжан Кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Саттар Мохбалиев түркі елдері арасында іргетасы 90-жылдардың басында қаланған тығыз бауырластық қарым-қатынастар бар екенін атап өтті.

"Әзербайжан түркі бауырларымызбен бірге түркі мемлекетін құруға белсене атсалысуда.  Барлық кедергілерге қарамастан, біз бұл қарым-қатынастарды сақтауға және дамытуға бар күшімізді салдық.  Бауырлас елдермен ынтымақтастық халықаралық қатынастар аясында ерекше орын алады", - деді Саттар Мохбалиев.

Оның айтуынша, түркі әлемінің, атап айтқанда, кәсіподақ ұйымының құрылуы түркі мемлекеттерінің бірігуіне берік негіз қалады.