Ақ халаттылар кінәлі – бас санитар Алматыда науқастардың ВИЧ жұқтыруы жайлы

Ғалиасқар Думан

Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Алматының орталық клникалық ауруханасында науқастардың АИТВ-инфекциясын медициналық персоналдың қателігі салдарынан жұқтырғанын мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Үкімет кулуарынжа журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Есмағамбетова ауруханадағы пациенттер көптеген инъекциялар алатынын атап өтті.

"АИТВ-инфекциясының берілу жолдарына қарасақ, парентеральді жолмен берілу медициналық процедуралардың бұзылуымен байланысты. Комиссия нақты қандай процедура аурудың көзі болғанын нақты айта алмайды, өйткені әрбір медицина қызметкерін бақылаушы орган қадағалап тұрған жоқ. Бұдан басқа, тексеру барысында бөлімше басшылығы тарапынан персоналдың стандартты операциялық рәсімдерді, манипуляцияларды сақтауына бақылау болмағаны анықталды. Қызметкерлердің инфекциялық бақылау мәселелері бойынша уақтылы оқытылмағаны анықталды", – деді ол.

Еске салайық, бұдан бұрын Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы қаланың орталық клиникалық ауруханасында емделушілердің АИТВ жұқтырғанын 14 маусымда растаған.

Көп ұзамай осы факті бойынша Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеттері тексеруді бастағаны хабарланды.

20 маусымда министрлік эпидемиологиялық тергеудің алғашқы нәтижелерін жариялады.

Ал 28 шілдеде науқастардың ауру жұқтыруына орта медициналық қызметкерлер кінәлі екені белгілі болды. Комиссия қорытындылары негізінде қалалық аурухананың бас дәрігері Н.Табынбаев жұмыстан шеттетілді.