Үштік газ одағы кеңеюі мүмкін

Ғалиасқар Думан

Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның үштік газ одағы кеңейтілуі мүмкін. Бұл туралы РФ СІМ экономикалық ынтымақтастық департаментінің директоры Дмитрий Биричевский мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz  "РИА Новостиге" сілтеме жасап. 

фото: ашық дереккөзден

"Газ саласындағы үшжақты өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндігін жоққа шығармаймыз", - деді Дмитрий Биричевский.

Дипломаттың айтуынша, бұл одаққа өзге де елдер қызығушылық танытуда. Ол Ресей "барлық қатысушылардың ұстанымдарын ескере отырып, өзара тиімді және сындарлы болуы керек деген түсінікпен осындай ынтымақтастыққа ашық" екенін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың қараша айында Ресей Өзбекстан мен Қазақстанға "үштік газ одағын" құруды ұсынды. 2023 жылдың қаңтарында Қазақстан және Өзбекстан энергетика министрліктері "Газпроммен" ынтымақтастық жоспарына қол қойды.