12 қазанда онға жуық әйел Нұр-Сұлтандағы Ұлттық банк ғимаратына жиналып, қаржы институтының басшысынан несиені кешіруді және жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды қабылдауды талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жиналғандар төлей алмай қалған несиесі коллекторлық компанияларға немесе сот орындаушыларында кетіп қалған, сондай-ақ есепшоттары бұғатталған адамдардың несиесін жаңартуды өтінуде.
Алматы қаласының тұрғыны Әйгерім Тілеужанова Қазақстанда несиелер бойынша жеке тұлғаларды қорғайтын бірде бір заң жоқ екенін айтты.
Фото: Ulysmedia.kz
«Біздің банктер 14,6 трлн теңге қарыз береді, оның ішінде 7 трлн-ы заңды тұлғаларға болса, 7 трлн-ы жеке тұлғаларға. Қиын жағдайға тап болған жағдайда заңды тұлғалар өзін-өзі банкрот деп жариялай алады, ал жеке тұлғаларда мұндай мүмкіндік жоқ. Сол себепті біз заң қабылдауды сұраймыз», - дейді ол.
Сондай-ақ, ол қазақстандықтардың 41%-ы бірінші орында қажетті азық-түлікті несиеге алатынын айтты. Адам несие төлеу мен азық-түлікті сатып алудың бірін таңдағанда азық-түлік алуды таңдайды. Жиналғандар коллекторлық компаниялардың өкілеттіктерін кеңейту туралы заң жобасына қарсы шықты. Олардың айтуларынша, коллекторлардың жұмысы «қарызды тартып алу» және «адамдардың өз-өзіне қол жұмсауына жеткізу». Сондай-ақ, олар бейнетексерусіз онлайн несие берілмеуін сұрайды.
Майра Ғабдулина митингке шыққан азаматтар заңды бұзып отырған жоқ екендігін айтты.
Фото: Ulysmedia.kz
«Біз заңға қарсы жүрмейміз, бірақ коллекторлар өз міндеттерін атқармайды, олар адамдарды тығырыққа тірейді. Біз олар үшін адам емеспіз», – дейді Майра Ғабдулина.
Наразылық білдірушілер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова мен Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың кездесуге шығуын сұрады. Кейінірек Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының бастығы Рустам Габдулкафеев шығып, митинге шығушылар Әбілқасымовамен кездесуді қаласа Алматыға қайтып, оның кеңсесінде кездесулері керек екендігін айтты.
Фото: Ulysmedia.kz
Митингке қатысушылар Қазақстанда 6,5 млн жеке тұлға несие алғанын, оның 2 млн-ға жуығында төлеу мерзімі өтіп кеткенін айтты.
«Бұл нені білдіреді? Адамдарда қарыз жабатын мүмкіндік жоқ, сондықтан есепшоттары бұғатталып қалады. Есепшоты бұғатталып қалғандар не жұмысқа орналаса алмайды, не тиынға жұмыс істейді», - дейді олар.