Қураған егін, толмайтын қамба: Қазақстанда нан қымбаттай ма

Ғалиасқар Думан

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев еліміздегі құрғақшылық пен егін өнімділігінің ықтимал төмендігіне байланысты ұн мен нан бағасының өсімі жөніндегі сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото Shutterstock

"Бидайдың құнын білесіздер. Әрине, бұл өзекті мәселе. Біз бидай бағасын тұрақтандыру үшін қолдан келгенді істеп жатырмыз. 15 қыркүйекке дейін азық-түлік келісім-шарт корпорациясы сатып алу бағасын жариялайды. Біздің тұтынушылар тұрғысынан жағдай тұрақты. Ұн, нан өнімдерінің бағасының өсуіне алғышарттар жоқ. Келесі маркетингтік жылға жағдай тұрақты", - деп сендірді Қарашөкеев.

Бұдан бұрын министр су тапшылығына байланысты Жамбыл облысында шамамен 7,8 мың гектар зардап шеккенін мәлімдеген.

Қарашөкеевтің сөзінше, құрғақшылыққа байланысты дәнді дақылдар алқабының 7,5 пайызы нашар күйде.

Сондай-ақ, министр еліміздің барлық өңірлерінде егін жинау жұмыстары жүріп жатқанын айтты.

«Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары жиналатын жалпы алаң 24 млн гектарды құрайды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 651,8 мың гектарға көп. Қазіргі таңда оның 17,4 млн гектарынан дәнді дақылдар жиналады», - деді ол.