Басқа мәселелерді араластырудың қажеті жоқ – Бейсембаев мектептерде хиджаб кию жайлы

Ғалиасқар Думан

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жекелеген азаматтардың мектептерде хиджаб киюге рұқсат беру туралы талабына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Ол Қазақстанның Конституция бойынша зайырлы мемлекет екенін еске салды.

«2016 жылы бекітілген оқушылардың мектеп формасы мен киіміне қатысты бұйрық бар. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан балалар білім ордасына мектеп формасымен келуі керек. Бұл балалардың бірдей білім алуы үшін жасалып отыр. Сондықтан бұл бағытта өзгеріс жоқ. Енді көтеріп отырған мәселе (оқушылардың мектепте хиджаб киіп келуі – ред) мұны шеше ала ма?! Бірінші кезекте біз негізгі мақсат пен адамдардың қосымша ойын шатастырмауымыз керек. Бала мектепте сапалы білім мен саналы тәрбие алуға міндетті. Оны ата-ана қамтамасыз етуі тиіс. Ол заңда белгіленген. Сондықтан бәріміз заңды орындауымыз қажет. Ата-аналарға мұнда басқа мәселені араластырудың қажеті жоқ»,  – деп жауап берді Ғани Бейсембаев БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Айта кетейік, Білім туралы заңда қазақстандық оқушылар мектеп формасын киюі керек. Мектеп формасына қойылатын талаптар хиджаб киюге тыйым салады. Мектеп қабырғасында хиджаб киюге тыйым салу зайырлылық қағидаттарына сәйкес оқу орнының ішкі тәртібін сақтау мақсатында енгізілген. Мектептен тыс жерлерде бұл мәселе бойынша тыйым салулар қолданылмайды.

Ұлдарға арналған мектеп формасына мыналар кіреді: пиджак, жилет, шалбар, көйлек, күнделікті жейде немесе түймелері әлде сырмалы құлып бар тоқылған куртка/кардиган, поло жейде немесе футболка (қысқы кезең: тоқылған жилет). Ер балаларға арналған шалбар, ұзын және аяқтың тобығын жабады.

Қыздарға арналған мектеп формасына мыналар кіреді: пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық блузка немесе түймелері әлде сыдырмалы құлып бар тоқылған куртка/кардиган, поло жейде немесе футболка (қыста: тоқылған жилет, сарафан). Бос және ұзын қыздарға арналған шалбар аяқтың тобығын жауып тұруы шарт.

Бұдан бұрын Ulysmedia.kz шенеуніктер мектепте хиджаб киюге салынған тыйымды, білім туралы заңды неге дұрыс түсіндіре алмай жүргенін cараптаған еді.