Төтенше жағдай министрлігінде жемқорлықтың 70%-ын бөлімше басшылары жасаған

Ғалиасқар Думан

Бұл туралы Антикор мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ortcom.kz

Ведомствоның хабарлауынша, төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің әрбір екінші басшысы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасайды.

Соңғы 5 жылда азаматтық қорғау органдарында 150-ге жуық сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелген. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары еліміздің барлық өңірінде орын алған.
 
Олардың басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалаларына, сондай-ақ Қостанай және Алматы облыстарына тиесілі.
 
Антикор басшысы Асхат Жұмағалидің айтуынша, анықталған қылмыстардың ішінде парақорлық пен жымқыру фактілері басым. «Заңсыз сыйақы» өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тексеру актісіне қол қою кезінде, оқудан өткізу, рұқсат беру және жұмысқа орналасу үшін беріліп отырған.

Айта кетейік, бұдан бұрын ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов және Шымкент қаласы мен Жетісу облысы бойынша ТЖД бастықтары ұсталғаны хабарланған. 

Олар өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алып, тексерілетін ұйымдарды келісімшарттар жасау арқылы олардың қызметтерін сатып алуға және уақтылы ақы төлеуге мәжбүрлеген деген күдікке ілінді.

Пара сомасы 100 мыңнан 4 млн теңгеге дейінгі аралықты құрайды.

Бұдан басқа, ТЖМ Өртке қарсы қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов заңсыз ақшалай сыйақы үшін Ұлытау облысы бойынша ТЖД басшыларының біріне қамқоршылық жасаған.