Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қарағанды облысында журналист Диана Сапарқызымен болған оқиға туралы хабардар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ведомство журналистердің жұмысына араласудың кез-келген әрекеті құпталмайтынын атап өтті.
"Біздің елде сөз бостандығына ешқандай шектеулер жоқ", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, кеше журналиске шабуыл жасалғаны белгілі болды. Диана Сапарқызы шахтадағы өрт туралы репортаж дайындау үшін материалдар жинап жүргенде оған белгісіз ер адамдар келіп, телефонын тартып алып, ондағы видеоны өшірген және шахта аумағынан күшпен шығарған.
Еске салайық, 17 тамызда “АрселорМиттал Теміртау” көмір департаментіне қарасты «Қазақстан» шахтасында конвейер лентасы өртенді. Жер астында барлығы 227 жұмысшы болған.
Бастапқыда апаттан зардап шеккендер саны алты адамға жеткені хабарланған. Кейін зардап шеккендар саны 13-ке жеткені белгілі болды.
Өрт кезінде «Қазақстан» шахтасынан шыға алмай қалған бес кенші де қаза тапты.
Олар:
1. Денис Стешин, 1978 ж.т., жерасты туннельшісі, 4-разряд, еңбек өтілі 21 жыл;
2. Халиков Артур, 1994 ж.т., жер асты электромонтері, 4-разряд, жұмыс өтілі 10 жыл;
3. Виктор Бургун, 1966 ж.т., жерасты электромонтер, 5-разряд, еңбек өтілі 39 жыл;
4. Слюнков Виталий, 1965 ж.т., жерасты электромонтер, 5-разряд, еңбек өтілі 39 жыл;
5. Илья Старовойт, 1996 ж.т., жер асты электромонтері, 3-разряд, жұмыс өтілі 4 жыл.
Шахтинск қаласының полициясы ҚР ҚК 277-бабының 2-бөлігі (Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, апатқа жауапты басшылар 7 жылға дейін сотталуы мүмкін.