Ақтөбелік вандал-шенеунік қызметінен кетті

Ғалиасқар Думан

Вандалдық әрекетімен танымал болған Ақтөбедегі зағиптарға арналған мәдениет үйінің басшысы өз еркімен қызметінен кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
 

әлеуметтік желіден

Бұл туралы  Ақтөбе облысының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Алтынай Юнусова мәлім етті.

"Ақтөбедегі зағиптарға арналған мәдениет үйінің директоры Маңғыстау облысындағы вандализм оқиғасынан кейін жұмыстан шықты. Ол өз еркімен өтініш жазды", - деді басқарма басшысы.

Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде отвертка, балға сияқты құрылыс материалдарымен Ыбықты сайдағы шатқалға есімін қашап жазып жатқан ер адамның видеосы тараған еді. Вандалдың әрекеті әлемжелі қолданушыларының ашуын туғызып, “мұра қалдырушыны” полиция іздеп кеткен.

Көп ұзамай шатқалға есімін қашап жазған вандалдың кім екені анықталды. Ол Ақтөбедегі зағиптарға арналған мәдениет үйінің басшысы Манас Көшербаев болып шықты.

Мәдениетсіздігімен көзге түскен мәдениет қызметкері бұдан бұрын әлеуметтік желіге видео жариялап, өзінің әрекеті үшін халықтан кешірім сұраған.