Президенттің айтуынша, 7 өңірде бидай шығымы азаятыны болжанған. Қазақстан Орталық Азияға бидайды жалғыз экспорттап отырғандықтан, мұның салдары бүкіл аймаққа кері әсер етуі ықтимал, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Қазақстанда 2030 жылға қарай бидайдың шығымы 40 пайызға азайып кетуі мүмкін. БҰҰ даму бағдарламасының мәліметіне сүйенсек, климаттың күтіліп отырған жағдайында 2030 жылы бидай шығымы орта есеппен зерттелген 7 өңірде (Ақмола, Ақтөбе, БҚО, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, СҚО) қазіргі мөлшерден қарағанда 63,87 пайызды құрайды», - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев «Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу жолдары және Қазақстанның көміртегі бейтараптылығы» халықаралық конференциясында.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Орталық Азияда бидайды экспорттаушы бірден-бір ел болғандықтан, бұл үрдіс бүкіл аймақ үшін азық-түлік жетіспеушілігі қаупін туындатары анық.
«Бұл – климаттың өзгеруіне қарсы күрес біздің ортақ міндетіміз болып қала беретінін білдіреді. Өте маңызды шаруа. Бұл ретте қайтып келуге болмайтын нүктеден әлі өте қоймағанымызды түсіну керек. Мемлекеттер мен үкіметтердің әрекеттері климаттың өзгеру ықтималдығына, оның тұрақтылығына ықпал ете алады», - деді мемлекет басшысы.
Айта кетерлігі, аталған халықаралық конференцияның мақсаты – Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі жөніндегі пайымын таныстыру, көміртегіден бейтарап қоғамды қайта құру арқылы ашылатын экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктерді, инфрақұрылым мен технологиялардағы карбониздандыру және қайта құрудың қажетті саясатын жұртшылықтың назарына жеткізу болып отыр.