"Бұдан нашарын көрмедім": саяхатшы Қазақстанның қай өңірінде жол жағдайы мүшкіл екенін айтты

Ғалиасқар Думан

Ақтөбелік Владимир Силевич өзі жасаған күн көлігімен бүкіл Қазақстанды шарлап, саяхат барысында елімізде ең нашар жолдар қай аймақта екенін анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

көрнекі фото: gov.kz

Ер адам ноутбук пен компьютерлерді жөндеумен айналысады және  техникаға қызығушылығы мол. Өз қолымен күн көлігін құрастырған, деп жазады Диапазон.

"Орал, Ақтөбе, Арал, Байқоңыр, Қызылорда, Шымкент, Тараз, Алматы, Талдықорған арқылы өттім. Содан кейін Алматыға оралып, солтүстікке қарай Қарағанды, Астана, Көкшетау, Қостанайда жүрдім. Шамамен 2,5 ай кетті. Күніне 280 шақырым жүріп, өзіме рекорд орнаттым", –  деді Силевич.

Алты мың шақырымнан астам жол жүрген саяхатшы қай аймақта жолдардың сапасы сын көтермейтінін айтты.

"Ең қорқынышты жолдар – Ақтөбе облысында. Бұдан нашарын еш жерде көрмедім. Басқа жерлерде де тесік, кедір-бұдыр жерлер бар, содан кейін жақсы жолдар бар. Қарағанды жолында қиыршық тастар көп, бірақ ол жөнделуде. Ал бізде Ақтөбеден Қарабұтаққа дейін жол сұмдық! Көкшетаудан Қостанайға дейінгілер мінсіз. Онда "Тесла" емін-еркін жүре алады", – деді Владимир.

Силевич жолдың сапасынан түңілсе де, халықтың пейіліне разы болғанын айтты. Айтуынша, Сарыкөл ауылында шиномонтаж қызметкері доңғалақты ауыстырғаны үшін ақша алмай, өзіне екі мың теңге ұстатқан. Жол полицейлері де түсіністік танытып, көлікті суретке түсіріп, жолға ақша берген.

“Шиномонтаж ішінде түнедім,  келесі күні көлігіме қызығушылық танытқан ер адамдар келді. Олар бір дөңгелектің дұрыс емес екенін байқап, маған біреуін сыйға тартты. Көптеген мейірімді адамдарды кездестірдім. Астанадан алыс емес жерде қуат таусылып, жолдан шықтым. Сол кезде Тургеневка ауылының адамы жаныма келіп, үйіне шақырып, тамақтандырды”, – деді ақтөбелік саяхатшы.

Шебердің сөзінше, оны өз үйіне қондырып, қонақ еткен адамдар көп болыпты.