Сыннан көз ашпаған Сүлейменова жылы орнымен қоштасуға дайын ба

Ғалиасқар Думан

Экология министрі Зүлфия Сүлейменова қызметінен кету ықтималдығына қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Ulysmedia.kz тілшісі Абай облысындағы 15 орманшының өмірін қиған алапат өртті, Жамбыл облысындағы су тапшылығын министрдің есіне салып, осы оқиғалардан кейін лауазымынан айырылуы қаншалықты ықтимал екенін сұрады.

“Тиісті бағаны халық береді, тиісті шешімді мемлекет басшысы қабылдайды. Қандай шешім қабылданса да бағынамыз”, – деді Сүлейменова.

“Неге министрлер өздерінің жұмыстарын бағалаудан қашқақтайды? Жылы орындарын айырылуға соншалықты қорқады ма? Президент жұмыстан шығарып жібергенше күтудің не қажеті бар?” деп сұрады журналист.

“Жоқ, мен қызметімнен айырыламын деп алаңдамаймын. Алдыма қойылған міндеттер бар, соларды орындап жатырмыз. Кейбірі әлі орындалу сатысында. Ал бағаны жаңа айтқанымдай халық пен президент береді”, – деп қысқа қайырды министр.

Еске салайық, 8 маусымда  “Семей орманы” резерваты аумағында өрт тұтанған болатын. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. 

Абай өңіріндегі ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды. Өртпен арпалысып жүріп 14 адам қаза тапты.  ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев Абай облысындағы орман өрті бойынша өз қызметіне салғырт қараған шенеуніктер қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеген. Қазақстандықтар өрт үшін экология министрі Сүлейменова да жауап беруі керек деп есептейді.

Сондай-ақ бұдан бұрын қазақстандықтар экология министрі Зульфия Сүлейменованың Павлодар облысындағы тартылып бара жатқан қызғылт көлге қатысты мәлімдемесіне шүйліккен. Блогерлер, журналистер мен сарапшылар министр мен оның командасының бейғамдығына таң. Қазақстандықтар Сүлейменованың қоластындағылары көлді тексеруге тек сейсенбіде аттанады деген сөзін сынға алды.

Желі қолданушылары Сүлейменова қателіктерден сабақ алмайтынын атап өтті және жауапты министрлер ТЖ орнына уақытында бармауы салдарынан үлкен зардаптарға апарып соққан Абай облысындағы өртті тілге тиек етті.

Экология министрінің жұмысын жуырда мемлекет басшысы да сынға алды. Тоқаев Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте қаланы сумен қамту мәселелерін шеше алмағаны үшін Сүлейменованың министрлігіне көңілі толмайтынын жеткізді.

“Бұған дейін Экология министрлігіне қаланы сумен қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс жасау тапсырылды. Бірақ әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ. Тіпті, осы мәселені шешуге қатысты тиімді ұсыныстар да жоқ. Тағы да қайталап айтамын: құзырлы министрлік нақты шаралар қабылдауға тиіс”, - деді президент.