Әлеуметтік желілерде Сандуғаш Дүйсеноваға қатысты қылмыстық іс Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың "тапсырмасы" деген қауесет тарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Парламенттің кулуарларында ол бұл қауесеттің шындыққа жанаспайтынын қобалжып тұрып айтты.
"Жалған сөз", - деді де Исабаев асығыс жүріп кетті.
Еске салайық, жуырда Сандуғаш Дүйсенованың ұсталғаны жөнінде алдымен алыпқашпа әңгімелер тарады. Көп өтпей, полиция оның ұсталғанын растады.
Журналисті қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін, атап айтқанда, адамның жеке немесе отбасылық құпиясы болып табылатын жеке өмірі туралы мәліметтерді оның келісімінсіз таратқаны үшін (ҚР ҚК 147-бабы) тергеу изоляторына орналастырғаны белгілі болды.
Келесі күні Дүйсенова полицейлер оны ұстап, жігерін құм қылу үшін тыр жалаңаш шешіндіргенін мәлімдеді. Полицейлер жеке тінту процедурасы қылмыстық тергеушінің қатысуымен және екі куәгердің қатысуымен тергеушінің ҚІЖК талаптарына сәйкес жүргізілгенін айтты.
Дүйсенованың ұсталуы журналистерге тағы бір ескерту ме, әлде полицияның кезекті жүгенсіздігі ме – бұдан бұрын Ulysmedia.kz осы сұраққа жауап іздеп көрген.
Сондай-ақ бұдан бұрын істі болған журналист Сандуғаш Дүйсенованы қолдауға бағытталған петиция жарияланғанын хабарлағанбыз.
15 тамызда Жетісу облысының прокуратурасы журналист Сандуғаш Дүйсеноваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылғанын мәлім етті.