"Бәрі ойдағыдай": Исекешев салынып бітпеген LRT туралы

Ғалиасқар Думан

Президенттің көмекшісі Әсет Исекешев Парламент кулуарында атышулы LRT жобасының тағдыры туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Тілшіміз Әсет Исекешевтен “Жоба барысын бақылап отырсыз ба?” деп сұрады.

"Мен, әрине, қадағалап отырмын. Құрылыс басталды – бәрі ойдағыдай. Салып бітіреді деп үміттенеміз. Әрине, бітіреді", - деді Исекешев.

Айта кетейік, LRT  жобасын жүзеге асыру 2011 жылы басталғанымен, жаңа тас жол ешқашан салынбаған. Тек баған-мұнаралар бой көтерді. Елордада әкімдер ауысқанымен, жоба үшін ешкім жауапкершілік алғысы келмеді. Соған қарамастан, LRT үшін ақша бөліне берді, ол қазақстандық жемқорлықтың ескерткішіне айналды.

Жыл басында мемлекет басшысы елорданы дамыту жөніндегі жиында LRT жобасына жеке тоқталған.

«LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтау керек. Мен бұрын да айттым, LRT жобасы негізінен қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ, бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал, балама жобалар жоқ. Жалпы, әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, Астананың көлік жүйесін дамытуға арналған кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырамын»,  – деді Тоқаев.

Ақпанда Астана әкімі LRT-ны келесі жылдың соңына дейін іске қосуға уәде берді.

Ал жуырда LRT құрылыс дирекциясының басшысы Серік Әйтімбетов Астанада LRT-ның іске қосылуы 2025 жылға шегерілгенін мәлімдеген.