Қазақстанда нашақор 10 шенеунік қызметінен қуылды

Ғалиасқар Думан

Елімізде мемлекеттік қызметшілер арасынан есірткіге тәуелді онға жуық адам анықталған. ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірхановтың сөзінше, олар жұмыстан босатылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Әмірханов қазір мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметкерлерге есірткі қолдану фактісін анықтау мақсатында жаппай скринингтен өткізу пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатқанын мәлім етті.

“Әскери және мемлекеттік қызметшілер де адамдар. Олардың арасында есірткіні қолдана алатындар да бар. Нашақорлыққа тәуелділік бұл қылмыс емес,  бұл да құмар ойындарға тәуелділер сияқты аурудың бір түрі. Ал оларды анықтау үшін скринингтік тестілеуге жүгінеміз", - деді ол.

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті бастығы орынбасарының айтуынша, биыл полицейлер арасында да есірткі қолданатын үш қызметкердің бары анықталыпты. Оның біреуі Астанада жұмыс істеген. 

Айта кетейік, бұдан бұрын  Бақытжан Әмірханов 2024 жылдан бастап ел оқушылары нашақорлыққа жаппай тексерілетінін мәлімдеген.

Денсаулық сақтау органдарының деректері бойынша Қазақстанда есірткіге тәуелді 18 200 адам есепте тұр. Оның ішінде 1500-і әйел және 100-ге жуығы кәмелетке толмағандар.