«Хабар» агенттігіне жаңа төраға тағайындалды

Ғалиасқар Думан

Кемелбек Ойшыбаев «Хабар» агенттігі» Акционерлік қоғамының басқарма төрағасы болып тағайындалды. Бұл жаңалықты ол өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

әлеуметтік желіден

«Бүгіннен бастап «Хабар» Агенттігі Акционерлік қоғамының басқарма төрағасының міндетін атқаруға кірістім. Басты мақсатымыз «Хабар», «Хабар 24», «Ел арна» арналарының телеөнімдерін дамытып, халыққа керекті, қызықты етіп жасау. Жастарымызды тәрбиелеу, ағартушылық пен дұрыс жолға салу бағытында нәтижелі болуымыз үшін интернет желілерінде арналарды конкурентті түрде қарқынды дамытуымыз керек. Осы мақсаттарға агенттіктің командасымен бірге жету үшін бар күш-қуатымды, тәжірибемді және білімімді жұмсауға дайынмын», - деп жазды ол.

Кемелбек Ойшыбаев 1977 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін, сонымен қатар Geneva Business School (Швейцария) МВА бағдарламасын тәмамдаған.

Еңбек жолын 2000 жылы «Интерфакс-Қазақстан» АА» ЖШС тілшісі болып бастаған.

Әр жылдары коммерциялық құрылымдарда еңбек етті.

2015-2016 жылдары «ҚазМедиа орталығы» басқарушы компаниясы» ЖШС-да, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде басшылық лауазымдарды атқарды.

2016-2017 жылдары — «Қазақстан» телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма төрағасы.

2019-2020 жылдары — «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ басқарма төрағасы.

2020 жылғы маусымнан 2022 жылғы 28 қаңтарға дейін Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі қызметін атқарды.