Жұмыстың 4%-ы ғана орындалған: жезқазғандықтар жылусыз қалуы мүмкін

Ғалиасқар Думан

Жылыту маусымының басталуына өте аз уақыт қалса да, елдегі жылу орталықтарының дайындығы мәз емес, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

«Теміртау қаласының №2 жылу электр орталығында №4 қазандықты жөндеу қазан айының соңына дейін ұзартылды. Жезқазған жылу орталығындағы №4 қазандықты жоспарлы жөндеу әлі аяқталған жоқ, ал №9 қазандықта жұмыстардың небары 4%-ы ғана орындалған», — деді Әлихан Смайылов үкімет отырысында.

Оның айтуынша, Абай, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарының энергия кәсіпорындарында жөндеу жұмыстары кестеден кешігіп жүргізіліп отыр.

«Аталған өңір әкімдері Энергетика министрлігімен бірге жөндеу жұмыстарына күнделікті мониторинг жүргізіп, алдағы маусымда қажетті жылу беруді қамтамасыз етуі тиіс», — деді үкімет басшысы.

Сондай-ақ, Әлихан Смайылов Абай, Атырау облыстарында және Елордада бірқатар әлеуметтік нысандарды дайындау жұмыстары аяқталмағанына назар аударды.

«Жоғарыда аталған барлық кемшіліктерді екі апта мерзімде шешу қажет», — деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, бұдан бұрын Сенат депутаты Серік Шайдаров Жезқазғандағы ЖЭО-да негізгі энергетикалық жабдықтардың тозығы жеткенін мәлімдеген. Оның сөзінше, жылыту маусымы басталғанға дейін  бұл жабдықтардың дайын болмауы қаупі бар.