Су тапшылығы: егіні қурап кеткен жамбылдық диқандарға қанша өтемақы төленеді

Ғалиасқар Думан

Қуаңшылықтан зардап шеккен Жамбыл облысындағы шаруаларға өтемақы беру үшін Үкімет резервінен 3,7 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

көрнекі фото

«ҚР Үкіметінің төтенше резервінен табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың салдарынан агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне келген зиянды өтеуге Жамбыл облысының әкімдігіне ағымдағы нысаналы трансферт түрінде аудару үшін 3 756 300 171 теңге сомасында қаражат бөлінсін. Қаржы министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз етсін. Жамбыл облысының әкімдігі 1 желтоқсанға дейінгі мерзімде Ауыл шаруашылығы министрлігіне бөлінген қаражатты мақсатты пайдалану жөніндегі есепті ұсынсын», - делінген Ашық НҚА порталында.

Айта кетейік, бұдан бұрын Жамбыл облысында су тапшылығына байланысты шамамен 7,8 мың гектар егін қурап кеткені хабарланған.

Жамбылдық фермерлер көршілерді трансшекаралық өзенде су қоймаларын салды деп айыптап, дабыл қақты. Екіжақты кездесу өткенмен, тамыз айында су тапшылығы мәселесі шешіле қоймады. Қазақстандық фермерлердің наразылығына жауап ретінде қырғыз тарапы: «Қазақстанға су жеткізуде қиын жағдай туындады, қырғыз билігі өз ауылдары үшін суды үнемдеуге мәжбүр болды. Осыған байланысты Қазақстанға су беруді тоқтату туралы шешім қабылданды», - деп жауап берді.

Экология министрі қырғызстандық шенеуніктердің мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берді.

Қуаңшылыққа байланысты Жамбыл облысының 6 ауданында төтенше жағдай режимі енгізілді.