Антикор еріктілері жемқорлықпен күреске қалай көмектесіп жатқаны айтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ведомство мәліметінше, 2 айда 1,5 мыңнан астам азамат жемқорлыққа қарсы волонтерлер қатарына қосылған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлер көбінесе мемлекеттік сатып алу саласындағы, оның ішінде бағаны көтеруге байланысты бұзушылықтарды анықтайтыны атап өтілді.
“Елорда волонтерлері мемлекеттік сатып алу порталының мониторингі барысында «Астана-Энергия» АҚ-ның тарапынан бағаны көтеру фактілерін анықтады. Бастапқыда бульдозерді 171 млн теңгеге сатып алуды жоспарлаған бағаны 147 млн теңгеге дейін төмендетті, осылайша бюджетті 24 млн теңгеге үнемдеді. Түркістан облысының жергілікті атқарушы органдары жобалау-сметалық құжаттаманы жасау бойынша көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу құнын көтерген болатын. Алайда, волонтерлердің қырағылығының арқасында мемлекеттік органдар бағаны төмендетіп, нәтижесінде 27 млн теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуге қол жеткізді”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Ұлытау облысында волонтерлердің ұсынысымен мәслихат хатшысы үшін 40 млн теңгеге жуық сомаға премиум-класты қызметтік автокөлікті жоспарланған сатып алудан бас тартқан.
Айта кетейік, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет индустрия және инфрақұрылымдық даму экс-вице-министрі Тимур Тоқтабаевқа қатысты тергеудің аяқталғанын хабарлаған болатын.
Тоқтабаев лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікпен қамауға алынды. Шенеуніктің элиталық үйлері, жер учаскелері, Cadillac Escalade, Mercedes-Benz Maybach S580 4 Matic, BMW X5 Xdrive40I, Bentley Bentayga V8 маркалы автомобильдері бар екені анықталды.