«Астар іздеудің қажеті жоқ»: режиссер «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінің прокаттан алынуы жайлы

Ғалиасқар Думан

“Міржақып. Оян, қазақ!” фильмінің режиссері туындының отандық кинотеатрлардағы көрсетілімі неліктен тоқтатылғанын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

“Міржақып. Оян, қазақ!” фильмі кестеде неге жоқ деген сұрақтар таң атқалы көптеп келіп жатыр. Шығармашылық топ, яғни, біз прокатпен айналысқан жоқпыз, десе де, мына нәрсені айтқым келеді. Фильм 21 қыркүйектен бастап тура екі апта бойы кинотеатрларда көрсетілді. Негізі прокат мерзімі өткен жексенбі аяқталған болатын, алайда көпшіліктің сұранысына байланысты 4 қазанға дейін ұзартылды. Жалпы, 6 сериялы телехикаядан көркем фильм жасау, оны үлкен экран арқылы көпшілікке ұсыну “Қазақстан” телерадиокорпорациясының тікелей идеясы мен ұсынысы болатын. Ол үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сондықтан прокат мерзімінің аяқталуынан қандай да бір астар іздеп, тараптарды кінәлаудың орны жоқ деп санаймын”, – деді Мұрат Есжан.

Режиссер фильм жақын арада «Qazaqstan» арнасының эфиріне және онлайн-платформаларға шығатынын жеткізді.

Еске салайық, бұдан бұрын әлеуметтік желіде қазақстандықтар ел кинотеатрларында "Міржақып. Оян, қазақ!" фильмінің көрсетілімі тоқтатылғанына наразылық білдіріп, туындыны прокаттан алу туралы тапсырманы кім беруі мүмкін екенін болжаған.

"Жаңа ғана прокаттан "Міржақып. Оян, қазақ " фильмі алынғанын білдім! Естігеніме сенбей, барлық онлайн кассаларды тексердім – расында да, жоқ екен. Мен мұндай бұйрықтардың тамыры ең жоғары кабинеттерден шыққанына сенімдімін. Тек қайсысынан екенін нақты айта алмаймын", - деді Алматы тұрғыны.

Фильм көрерменге 21 қыркүйекте жол тартқан болатын. «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы ұсынған фильмнің сериал нұсқасы бұған дейін көпшілік көрерменнің ықыласына бөленген. Туындыда Алаш арысы Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» кітабын жазу, басу, тарату кезі, түрмеге қамалған тұста басына түскен қиын сәттері, қызы Гүлнардың әкесін ақтау жолындағы күресі көрсетіледі. Басты рөлді актер Бақыт Қажыбаев сомдайды.

Ұлт тарихы, Алаш тақырыбында мұндай туындылар сирек жарыққа шығады. Фильм шыққалы оны әлі келгенше жарнамалап, туындыны көруге үндегендердің көптігінен тарихты түгендеуде жалпы жұрттың ынтасы зор, мүддесі ортақ екенін аңғарамыз. Жуырда Ulysmedia.kz тілшісі режиссері әрі осы туынды сценарийінің авторларының бірі Мұрат Есжанмен сұхбаттасқан болатын.