«Талибан» мен Өзбекстан өкілдері теміржол салу туралы келісімге келді

Ulysmedia

Термез қаласында өзбек-ауған делегацияларының кездесуі өтті, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: twitter

Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің сайтында жарияланған мәлімет бойынша, Өзбекстан билігі мен «Талибан» қозғалысының мүшелері электр желілерін тарту және теміржол салу туралы келісімге келді. Қатысушылар шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сауда, энергетика және көлік саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Келіссөздер нәтижесінде жұмыс топтарын құру туралы шешім қабылданды. Олар аймақтағы өзекті мәселелерді зерттеп, оларды шешу бойынша ұсыныстар әзірлейді. Ал алдағы 10 күнде «Талибан» мен Өзбекстан үкіметінің өкілдері екі жақты қарым-қатынасты дамытудың жол картасын дайындайды.

Еске сала кетсек, Өзбекстан делегациясын елдің Премьер-Министрінің орынбасары Сардор Умурзаков, ал ауғандарды Ауғанстанның уақытша үкіметінің орынбасары Абдул Салам Ханафи басқарды.