Бұл туралы Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Смадияровтың айтуынша, 7 қазанда Израильде жағдайдың шиеленісуіне байланысты Қазақстан тарапы жедел штаб құрған. Ол штаб шетелде төтенше жағдай кезінде іс-қимыл жоспарын орындауға кіріскен. Қазақстандықтардан жедел желіге екі күн ішінде 500-ден астам қоңырау түскен.
Бүгінгі таңда Қазақстанның Израильдегі консулдық есебінде 77 адам, оның ішінде қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері бар. Израильдің жоғары оқу орындарында Қазақстаннан 5 студент оқиды. 30-ға жуық қазақстандық түрлі медициналық мекемелерде тағылымдамадан өтіп жатыр.
"Барлығы 112 адам. Біздің дипломаттар Израильдегі қазақстандықтармен тұрақты байланыста. Арнайы чат құрылды, оған 200-ге жуық қазақстандық кірді. Біздің отандастарымыз өздерінің орналасқан жері туралы айтып, дипломаттармен байланысқа шығуда. Барлығы сабырлық танытып, қауіпсіздік шараларын сақтайды. Қаза тапқандар, зардап шеккендер немесе тұтқынға алынған қазақстандықтар туралы ақпарат түскен жоқ. Рейстердің тоқтатылуына және бірқатар авиатасымалдаушылардың Израильге ұшуды орындаудан бас тартуына байланысты Қазақстанның Air Astana-мен елшілігі Қазақстанға оралғысы келетін азаматтардың тізімін жасау бойынша жұмыс жүргізуде. Қауіпсіз тасымалды ұйымдастыру мәселесі пысықталып жатыр. 118 азамат оралу ниетін барын білдірді. Тель-Авивтегі әуежай штаттық режимде жұмысын жалғастыруда", - деді ол.
Смадияров алдағы күндері Израильге арнайы репатриациялық рейс ұшатынын айтты. Елшіліктің бағалауы бойынша Израильде консулдық есепте тұрмайтын Қазақстанның 400-ден астам азаматы болуы мүмкін.
"Газа секторында Қазақстанның 25-ке жуық азаматы бар. Бұл негізінен палестиналықтарға үйленген әйелдер. Хабарламаларға сүйенсек, қазіргі уақытта кейбір отбасылар қауіпсіз орын іздеу қамымен жүр. Байланыс жағынан проблема бар, біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз", - деп атап өтті Смадияров.
Еске салайық, бұдан бұрын ҚР СІМ Тель-Авивтегі елшілігіміз Израильдегі азаматтарымызбен тұрақты байланыста екенін мәлімдеген.