Депутаттың зорлық құрбандарын жазалауды ұсынуы: халықаралық ұйым Қазақстанды сынға алды

Ғалиасқар Думан

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін жеткілікті күш-жігер қабылданбағаны, ал депутаттарға әйелдерді жазалау туралы ойларын айтуға мүмкіндік берілгені үшін ел билігін сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Құқық қорғаушылардың айтуынша, депутаттың мұндай мәлімдемелері Қазақстанда жәбірленушілерді айыптау мәдениеті тамыр жайғанын, ал отбасылық зорлық-зомбылық туралы идеялар бұрмаланғанын көрсетеді.

Өз баяндамасында олар Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау үшін шұғыл реформалар жүргізу қажеттігін айтқан.

Авторлар Қазақстан

билігін отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамаға түзетулер енгізуге, тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялауға және оны жеке құрамға бөлуге шақырады.

Айта кетейік, бұдан бұрын депутат Амантай Жарқынбек тұрмыстық жанжал туса, ерімен бірге әйелін де қамауға алу керегін мәлімдеген.

«Мынаны түсінуіміз керек: біздің еліміз, біздің жеріміз өте үлкен аумақты қамтиды. Бізде оңтүстік пен солтүстіктің, шығыс пен батыстың менталитеті бір-біріне ұқсай бермейді. Осы өңірлердің жастары бір-бірімен отбасы құрады. Әртүрлі тілде сөйлеп, әртүрлі ұстанымда болады. Олар отбасы болып қалыптасқанша, ұрыс-керіс те орын алады. Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Әр ыдыс-аяқ сынған сайын күйеуін апарып қамап тастайтын болсақ, көпшілігі қайтадан отбасы бола алмай, қосылмай кетеді», - деді ол.