Есік әкімі ірі көлемде пара алу кезінде ұсталды

Ғалиасқар Думан

Алматы облысы Есік қаласының әкімі Асхат Аңсатбаев пара алды деп күдікке ілінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

gov.kz

“Жергілікті атқарушы органдардың заңсыз әрекеттері бойынша азаматтардың шағымдарына жедел ден қою нәтижелерімен жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылық жасауда Алматы облысы Есік қаласының әкімі әшкереленді”, – делінген Антикор хабарламасында.

Ол қаланың ойын алаңын абаттандыру жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарты бойынша бюджет қаражатын кедергісіз төлегені үшін жеке компания өкілінен ірі мөлшерде пара алды деп күдіктелуде.

Күдікті кінәні толығымен мойындағаны хабарланды.

“Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды”, – деп мәлім етті агенттік.

Айта кетейік, Аңсатбаев Есік қаласын 2022 жылғы 14 наурыздан бері басқарады.

Бұдан бұрын Ақтөбе облысының бұрынғы әкіміне үкім шықты. Ермек Имантаевқа қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде ұрлау) айып тағылып, іс сотта қаралған. Сотта Имантаевтың Ақтөбе ӘКК басқарма төрағасы бола тұра, «Садовое» тұрғын үй алабында орналасқан көлемі 24 га жер учаскесін, бағасын 10 есе түсіріп заңсыз түрде сатқаны анықталды.