Қазақстанға ағылған көш: Fix Price AIX биржасының баға белгілеу тізіміне енді

Ғалиасқар Думан

Fix Price компаниясы жаһандық депозитарлық қолхаттарды FIXP.Y белгісімен қазақстандық  AIX биржасының баға белгілеу тізіміне енгізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Компания жаңа биржалық алаңда алғашқы сауда-саттықты 17 қазанда бастайды. Бұл ретте Fix Price Лондон және Мәскеу биржаларында листингті сақтайды.

- Fix Price барлық акционерлер мен инвесторлардың мүддесі үшін әрекет етуге тырысады және AIX листингі акционерлердің құрылымын әртараптандыруға көмектеседі және компанияның бағалы қағаздарының өтімділігінің өсуіне ықпал етеді деп санайды, – деп мәлімдеді Fix Price Group.

Сонымен қатар компания AIX листингіне байланысты жаңа бағалы қағаздарды шығару әлі жоспарланбағанын атап өтті.

Еске салайық, жуырда Fix Price юрисдикциясын өзгертіп, Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелуге ниетті екені хабарланған болатын.

Fix Price желісінің Ресей Федерациясында және жақын шет елдерде 6 мыңнан астам дүкені бар. Ол Ресейдің 80 аймағында, сондай-ақ Армения, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Латвия және Өзбекстан аумағында жұмыс істейді. Қазақстанда Fix Price 262 дүкенді басқарады және 1,5 мыңнан астам қызметкері бар.

Бұл ірі ресейлік компаниялардың Қазақстанға алғашқы релокациясы емес. Бұған дейін Ресейдің ірі алтын өндірушілерінің бірі Polymetal акциялары Қазақстанға тіркелгеннен кейін Astana International Exchange биржасының индексіне енген болатын.