Дабырасыз, жырпылсыз жиын: «Әділеттің» съезінен не түйдік?

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

Қарсы шығу, наразылық білдіру, күмәнмен қарау – бізге етене таныс қалып. Шынын айтсақ, «Әділет» партиясының съезі болады дегенді естігеннен бір шикілік іздеуге дайын едік. Бірақ бәрі біз күткендей болмады. Қазақстан саясатында әбден қалыптасқан сценарий бұл жолы қайталанған жоқ: журналистерге жағыну, біреуді иландыру, пікірін өзгертуге тырысу байқалмады.

Жаңа партия тағы бір таптаурынды бұзды. Әдетте жаңа саяси ұйым пайда болса, артынша қолдан жасалған мақтау науқаны басталатын: бірдей пікір айтатын «сарапшылар», көшірме пост жариялайтын блогерлер, кезекші патриоттар, пиаршылар мен инстажұлдыздар қаптап кететін. Бәрі жабылып жұртқа дәл осы оқиға ел тағдырын өзгертетінін түсіндіруге кірісетін.

Медиада дабыра болмады

Бұл жолы мұндайдың бірі де байқалмады. Әдеттегі ақпараттық шу жоқ, әлеуметтік желіні мадақ пікірлермен толтыру әрекеті де көрінбеді. Бәрі алдын ала мұқият қойылған саяси шоуға ұқсамады. «Әділет» партиясының құрылтайында көзге бірінші түскені де осы болды.

Ресми жағынан ірі саяси науқанға тән барлық белгі бар еді: делегаттар бірауыздан дауыс берді, «Әділетті Қазақстан үшін» бағдарламасы қабылданды, Айбек Дәдебай партия төрағасы болып сайланды. Саяси кеңес құрамынан да танымал есімдер мен салмақты тұлғалар орын алды. Бірақ соған қарамастан, жиын басы артық жылтырақсыз, дағдылы көпірме сөзсіз өтті.

Бір қызығы, ондаған жыл бойы қай саяси идея шықса да басы-қасында жүретін адамдар бұл жолы көзге түспеді. Әдеттегі комментаторлар, «пікір көшбасшылары», кәсіби патриоттар мен мемлекеттік форумдардың тұрақты қатысушылары көрінбеді.

Тіпті әлеуметтік желілерді арнайы шолып шықтым. Бұл жолы жаңа партияны қоғамға қалай «өткізбек» екен деген қызығушылық болды. Бірақ көпшілік үндемегенді жөн көріпті. Сол үнсіздік кез келген мадақ постынан әлдеқайда әсерлі көрінді.

Әлдекімдерді әдейі кадр сыртында қалдырғандай әсер болды. Немесе команда ескі саяси технологиялардан саналы түрде бас тартуды жөн көрген секілді. Бұл қарапайымдылық па, әлде жаңа саяси стиль қалыптастыру әрекеті ме – оған жауапты жақын уақытта көретін шығармыз.

Имитация кезеңінің соңы ма?

Құрылтайдың өзі де салтанатты жиыннан гөрі, алдына нақты міндет қойылған адамдардың жиналысына көбірек ұқсады. Әдеттегі сән-салтанатсыз, артық безендірусіз өтті. Мәлімдемелердің өзі сақ айтылды.

Партия төрағасы Айбек Дәдебай уәдені үйіп-төккен жоқ. Ол жүйелі жұмыс, жауапкершілік және заңға құрмет туралы сөйледі. Әдетте ұран мен «тарихи миссияны» жақсы көретін қазақстандық саясат үшін мұндай риторика тосындау естілді.

Тіпті мінберден «көзбояушылық пен қарқынды жұмыс имитациясын тоқтату керек» деген кезде, кейбіреулердің тіксініп қалғаны да байқалды. Яғни есеп үшін жұмыс істеу дәуірі аяқталуы тиіс деген ой ашық айтылды.

Формула мен шынайы өмір

Осы тұста Президент Тоқаевтың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы еске түспей қоймайды. 2022 жылдан бері бұл мақсат әр жиында айтылғанымен, қоғам үшін әлі де саяси бағдар күйінде қалып отыр.

Сондықтан құрылтайда айтылған бір мойындауға назар аудармау мүмкін емес еді: ұзақ жылдар бойы мемлекеттік саяси жүйе реформалар туралы тек сөз жүзінде айтылатын имитация режимінде өмір сүрді.

Сол кезде партияның жаңа жетекшісі Айбек Дәдебай «декоративті саяси белсенділік дәуірі аяқталуы керек» деп мәлімдеді.

Бірақ басты сұрақ сол күйі ашық тұр: қазақстандықтар әбден шаршаған көзбояушылықтан, формализмнен шын мәнінде арылуға бола ма?

Тоқаевтың өзі де бұл тұжырымдаманың дайын нәтиже емес, жедел қарқынмен жетуге тиіс мақсат екенін жасырмай айтып жүр. Енді «Әділет» сол үдерісті жылдамдата ала ма, оны уақыт көрсетеді.

Партиялық амбиция

Дегенмен «Әділеттің» амбициясы жоқ деуге болмайды. Керісінше, партия өкілдері болашақ Құрылтайда «мүмкіндігінше көп орын алуды» көздейтінін ашық айтып отыр. Бұл – елдің жаңа саяси жүйесінде салмақты рөлге талпыныс барын білдіреді.

Алайда осы оқиғаның ең қызық тұсы – партияның өзі емес, саяси стильдің өзгеруі секілді.

Қазақстан билігі ұзақ уақыт бойы үлкен саяси театрға ұқсап келді: форумдар, ду қол шапалақ, шексіз «қолдаймыздар», дұрыс сөйлейтін блогерлер, алдын ала дайындалған эмоция мен міндетті түрде көрсетілетін тамсану мен сүйсіну.

Ал бұл жолы саяси пафоссыз, өңдеусіз, күштеп тықпалаусыз өткен таза саяси таныстырылымға куә болдық.