2024 жылы қоғам назарына ілінген шулы сот істері аз болған жоқ. Кейбірі онлайн режимде жалпақ жұртқа көрсетілсе, саяси сұрақ туғызатын кейбір істер жабық режимде өткізілді. Ulysmedia.kz тілшісі осы ретте қай істер қалай қаралғанын, кімдерге қандай үкім оқылғанын шолып шықты.
МҰХАМЕДИҰЛЫ ӘЙЕЛІ, АДВОКАТЫМЕН БІРГЕ СОТТАЛДЫ
Осы жылдың басында бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен оның жұбайына үкім шықты. Оның алдында ғана 8 жылға сотталған экс-министрді сот осы жазамен босата салған жоқ. Мұхамедиұлын қамау мерзімі ұзартылып, ол аса ірі мөлшерде пара беруге әрекет жасағаны үшін (әйелі арқылы) түрмеде 8 жыл емес, 11 жыл отыратын болды. Оның әйелі Ғалия Ысқақова мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына, алты айға бас бостандығынан айырылды. Шенеуніктің адвокаты Мұстақым Төлеев те алаяқтық бабы бойынша 6 жыл 8 айға сотталып кетті.
Ресми органдар тергеу барысында экс-министрдің әйелі жүргізушісі арқылы адвокатқа жазасын жеңілдету үшін тағы да 100 мың АҚШ долларын бергені хабарлаған болатын. Сот үкімінде экс-министрдің ақша алған адвокат Төлеев “ақшаны иемденіп, оларды өз қалауы бойынша басқарған” делінген. Арыстанбек Мұхамедиұлының ұзаққа созылған ісіне осылай нүкте қойылғандай болды.
Жалпы Арыстанбек Мұхамедиұлының өзі 2022 жылдың 28 мамырында қамауға алынған болатын. Тергеу органдары министрді ұстаған тұста «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша тергеу амалдары жүргізілген болатын.
АВТОБУС АПАТЫ: ҮШ АДАМНЫҢ ӨЛІМІ
Былтыр желтоқсанда Алматыда жолаушының бірі автобус жүргізушісін ұрып, мұның соңы үш адамның өлімімен аяқталған. Ерлі-зайыпты Талап Қасымов пен Гүлжан Ерсімбетова, сондай-ақ, Айдос Әлменбаев атты үш азамат көз жұмған. Қайғылы оқиға болған күні олар жол жиегінде көлік тоқтатып тұрған. Көз жұмған Айдос Әлменбаевтың артында үш бала қалды, кіші қызы небәрі төрт жаста еді.
Сот үкімі бойынша автобус жүргізушісі Ермек Шөкебаеваны ұрған Дархан Ахметжанов қылмыстық кодекстің 351-бабының 3-бөлігі (көліктің қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан ережелерді бұзу) бойынша, 293-бабының 1-бөлігі (бұзақылық) бойынша кінәлі деп танылды. Ахметжанов түпкілікті 8 жыл бас бостандығынан айырылды. Жазасын ол қауіпсіздігі барынша төмен түзету мекемесінде өтейді.
Бұл істе бірақ бір айта кетерлігі, жәбірленушілер «үш адамның өліміне жүргізуші де жауап беруі тиіс» деп, Ахметжановпен сөзге келген жүргізуші Шөкебаеваны да жазалауды талап еткен. Күйеуі апаттан көз жұмып, жесір қалған Айнұр Құсайынова жүргізуші Шөкебаеваның әрекеті дұрыс емес екенін айтқан. Алайда жүргізушіге сот шара қабылдаған жоқ.
ТЫП-ТЫНЫШ СОТТАЛҒАН САМАТ ӘБІШ
Биыл ақпанда ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары әрі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке үкім шығыпты. “Шығыпты” деп отырғанымыз, нақты сот шешімі қашан шыққанын былайғы жұрт түгілі журналистер де кейін естіді. Депутат Ермұрат Бапи “Дат” газеті арқылы хабарламағанда бұл үкімді ешкім естімей де қалар ма еді.
Басылым биыл 26 ақпанда жабық сот Самат Әбішті сегіз жылға шартты түрде соттау туралы шешім шығарғанын хабарлады. Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісіне қатысты қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі бойынша (билігі мен лауазымын асыра пайдалану) тергеу жүргізілген.
Қаңтар оқиғалары кезінде Әбіш ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Қаңтар оқиғасынан кейін комитетті басқарған Кәрім Мәсімов 18 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте өмір бойы еңбек ету құқығынан айырылған болатын.
Ресми мәліметтер бойынша, Самат Әбіш 2022 жылдың 17 қаңтарында ҰҚК басшысының орынбасары қызметінен босатылған. Ол тұста ҰҚК басқарған басшылардың дені қамауға алынды. Алайда ол кезде Әбішке ешқандай айып тағылмаған еді.
2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде кемі 238 адам қаза тапты. Көз жұмғандардың ең көбі Алматы қаласында тіркелді.
ҚЫЗ ЗОРЛАҒАН ПОЛИЦИЯ БАСТЫҒЫ
Заңның сақталуын қадағалуы тиіс Талдықорғандағы полицияның бастығы қызды зорлап, бұл оқиға биыл қоғамның ашуын туғызған. Сотталушылар орындығына сол тұста – Талдықорған полициясының бұрынғы басшысы Марат Көштібаев “жайғасты”. Әйелді зорлады деп айыпталған оның соты жабық режимде өтті. Ең сорақысы, Көштібаев бұл қылмысын өзінің қызметтік кабинетінде жасаған.
Көштібаев заңға томпақ әрекеттерімен бұрын да көзге түскен-тін. Ол 2019 жылы өз бағыныштыларын аудиомен балағаттап, сол үшін Алматы облысының жергілікті полиция қызметінің бастығы қызметінен босатылған еді. Ал кабинеттегі қылмысы үшін сот оны 11 жылға бас бостандығынан айырды.
МЫРЗАХМЕТОВТЫҢ ЖАБЫҚ СОТЫ
Биыл сотталған ірі шенеуніктердің қатарына Абылай Мырзахметовты жатқызуға болады. “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы бұрын да істі болған. 2002 жылы наурызда Мырзахметов 3,3 миллиард теңгені ұрлау фактісімен сотталып, 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған еді. Соған қарамастан 2005 жылдан бастап Мырзахметовтың саяси карьерада қайтадан көтеріле бастаған. 2023 жылы мамырда Антикор оны "туысын қылмыстық жауапкершіліктен босатуға көмектескені үшін пара берді” деген күдікпен ұстады. Ресми орган ол “Б.-ның аса ірі мөлшерде 13,9 млрд. теңге сомасында ақшалай қаражатын жымқырған” деп ақпарат таратты.
Мырзахметовтың сот процесі жабық режимде өтті. Сот оны 5 жылға бас бостандығынан айырып, 5,8 млрд теңгесін тәркілеу жөнінде шешім шығарды.
АТЫШУЛЫ БИШІМБАЕВ
2024 жылдың ең шулы істері тізіміне қарасақ, оның басында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі тұр. Әйелі Салтанат Нүкенованың түбіне жеткен оның ісі бүкіл әлемге тарап, белді әлемдік БАҚ-тардың бәрі қылмыс жайлы ақпарат таратты. 2023 жылдың қазан айында Бишімбаев әйелін өлтірді деген айыппен ұсталған еді. Тергеу мен сот ісі 7 айға созылды. Сот ісі басынан аяғына дейін онлайн режимде көрсетілді. Бишімбаевтің ісін сот жүйесіне өзгеріс әкелген ерекше іс деп те атауға болады. Онлайн сотты бір дегенде жүздеген мың адам қарап, әлеуметтік желіде үкім шыққанға дейін де, кейін де көп талқыланды.
Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әйелін аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевты 24 жылға соттады. Соттағы соңғы сөзінде Бишімбаев өз туыстарының еш кінәсі жоқтығын айтып, оларды кінәламауды өтінді. Онымен бірге сотталған бауыры Бақытжан Байжанов 4 жыл “арқалап” кетті. Байжанов Салтанаттың отбасына, жақындарына көңіл айтып, олардан кешірім сұрады. “Мен ант етемін – сол кезде Салтанат өлім аузында жатқанын білмедім” дейді ол.
Қуандық Бишімбаев 1980 жылы Қызылордада туған. Бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі болған, Қазақстан даму банкін басқарған. 2016 жылы бірнеше ай бойы ұлттық экономика министрі қызметін атқарған. Ол бұрын да сотты болған. 2018 жылы "Бәйтерек" холдингін басқарып тұрғанда Қызылордадағы әйнек зауытына бөлінген қаржыдан 1 миллиард теңге жымқырған дешген айыппен 10 жылға сотталған еді. Алайда аз уақыт түрмеде отырып, босап шыққан-тын.
СОТТА ЖЫЛАҒАН ШЕНЕУНІК
Резонансты соттар Астана мен Алматыда ғана болған жоқ. Шымкентте қала әкімінің бұрынғы орынбасары Мақсұт Исаховтың да ісі де қоғамның назарында болды. Исахов Сарбасовқа аса ірі көлемде пара бермек болды деген күдікке ілінген еді. Шенеунік сот отырысында жылап, жалғыз адам отыратын камерада көрген қорлығын айтқан. “Таразының бір басында 10-15 жыл, бір жағында алты балам, бесеуі кәмелетке толмаған, 75 жастағы кәрі анам бар” деді ол.
Сот шенеунікті кінәлі деп тауып, 8,5 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын орташа қауіпсіз колонияда өтеп жатыр. Сондай-ақ, сот Исаховты өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырды.
АЛАЯҚТЫҚ БАБЫМЕН СОТТАЛҒАН АҒАБЕКОВ
Биыл сотталған шенеуніктердің қатарында IGTIPC халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының бұрынғы басшысы Олжас Ағабеков те бар. Тергеу органдары оны Дубайдағы көрме кезінде смета асыра бағалап, 270 млн теңгені жымқырды, "Atla$" ЖШС ұйымдастырушысы әрі басшысымен бірге "Қазмұнайгаз" АҚ демеушісінің 108 млн теңге көлеміндегі ақшасын иемденді, сондай-ақ, айыптаушы тарап "Karabatan Utility Solutions" ЖШС-нен 35 млн теңге пара алды деп айыптаған. Бір айта кетерлігі, экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Олжас Ағабековтың үстінен іс қозғалуына өзі мұрындық болғанын ашық айтқан еді.
Сот Ағабековты биыл тамызда 9 жылға соттады.
Ағабеков президенттік кадрлық резерв мүшесі. Көп жылдар бойы Энергетика, кейін Экология министрлігінде қызметте болған. Сондай-ақ «Алматы электр станциялары» АҚ, «KEGOC» АҚ, Жамбыл облысы әкімінің аппаратында, Жамбыл облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасында жұмыс істеген.
СОТТАЛҒАН ЖУРНАЛИСТ ДУМАН МҰХАМЕДКӘРІМ
Биыл сот Думан Мұхаммедкәрімді «экстремизмді қаржыландырып, тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» деген айыппен 7 жылға соттап жіберді. Журналист 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларын белсенді түрде жариялап, мәжіліске сайланудан шеттетілген еді. Кейін полиция оны азаматтарды "заңсыз акцияға" шақырды деп айыптаған. Тергеу барысында да, сотталғаннан кейін де журналист бас бостандығынан айыру орнында бірнеше рет аштық жариялап, денсаулығы нашарлаған. Адвокат Ғалым Нұрпейісов Ulysmedia.kz тілшісіне Думан Мұхамедкәрімнің жақтастары белсендінің денсаулық жағдайының нашарлауы туралы мәселені бірнеше рет көтергенін айтқан еді. 7 қарашада Алматы облыстық соты журналист Думан Мұхаммедкәрімге шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды.
Кейінгі ақпараттарға қарағанда, журналисті Қызылордаға этаппен жазасын өтеуге апара жатыр. Оның алдында уақытша қамау изоляторында көп ұстағаны үшін журналист Думан Мұхамедкәрім құқығы өрескел бұзылуына наразылық білдіріп, өзінің ішін, білегін, мойнын тілгенін адвокаты хабарлаған еді. Оның сөзінше, Думан Мұхамедкәрім өзін Талдықорғандағы тергеу изоляторынан Заречный кентіндегі түрмеге ауыстыруды талап еткен.
Думан Мұхамедкәрім – Ne Deidi YouTube-арнасының авторы, журналист. Билікті қатаң сынап жүрген журналисті жақтастары саяси белсенділігі үшін қудалады деп санайды. Оның ісін саралаған құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған. Ресми Астана елде «саяси тұтқын жоқ» дейді.
ТҰРҒЫМБАЕВ: ПРОЦЕССУАЛДЫҚ КЕЛІСІМ
Самат Әбіш секілді қоғам назарына ілікпей, “тып-тыныш” сотталған шенеуніктің тағы бірі – Ерлан Тұрғымбаев. Бұрынғы ішкі істер министріне 2022 жылы Қаңтар оқиғалары кезінде билікті асыра пайдаланды деп айып тағылған еді (ҚР ҚК 362-бабы 4-бөлігі). Бұл туралы биыл 30 сәуірде хабарланған. Алайда тергеу барысы жөнінде журналистерге ешбір мәлімет белгілі болған жоқ. "Құпия" белгісі бар істе тараптар процессуалдық келісімге келген. “Сотталушы кінәні толығымен мойындады әрі шын жүректен өкініш білдірді” деп хабарлады сот.
Ерлан Тұрғымбаев белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айырылып, 5 жылға сотталды. “Айыптау сыбайлас жемқорлық қылмыс белгілерінсіз жасалғандықтан, ҚК 63-бабының негізінде тағайындалған жазаны шартты деп санау туралы қаулы шығарылды” делінді ресми хабарламада. Сондай-ақ, сот президентке Тұрғымбаевты арнайы қызмет пен мемлекеттік наградалардан айыру туралы ұсыныс енгізу жөнінде шешім қабылдады.
Ерлан Тұрғымбаев – Қаңтар оқиғасына байланысты күдікке ілінген екінші министр. Оның алдында қорғаныс министрі болған Мұрат Бектанов "қызметін асыра пайдаланды" деп 12 жылға сотталған еді. 61 жастағы Ерлан Тұрғымбаев құқық қорғау органдарында 1984 жылдан бері істеген. 2019 жылы ақпанда ішкі істер министрі болып тағайындалып, үш рет қайта тағайындалған. Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін 2022 жылы ақпанда министр қызметінен босатылып, Қазақстан президентінің кеңесшісі болып тағайындалған. Сол жылы тамызда оның кеңесші қызметінен алынғаны хабарланды.
СОҚҚЫҒА ЖЫҒЫЛҒАН ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ЖҮРГІЗУШІСІ
Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін ұрған Нұрболат Дәкебаевтың ісі де осы жылы басқалардан кем талқыланған жоқ. Жедел жәрдем жүргізушісі Төреғали атышулы оқиғаның қалай болғанын айтып берген болатын. Кейін күдікті Нұрболат Дәкебаев қолға түсіп, кешірім сұрады. Осы оқиға қоғамды дүрліктіргенде депутаттар да пікір білдіріп, бұзақыны ел алдында қатаң жазалау керек екенін айтқан еді. Мәселен, депутат Елнұр Бейсенбаев Дәкебаевтың әрекетін әбден шектен шыққандық деп бағалаған. Сондай-ақ бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан ер адам жазалануы керек деп есептейтінін айтқан еді.
Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан аудандық соты Нұрболат Дәкебаевтың қылмысы дәлелденді деп тапты. Жүргізушінің өзі “арандатты” деген нұсқаға сыни қарайтынын мәлімдеді. Сот Дәкебаевты 2 жылға бас бостандығынан айырды. Соңғы сөзінде Нұрболат Дәкебаев жәбірленушіден, қоғамнан кешірім сұрап, өзін бас бостандығынан айырмауды өтінген еді. Ол тергеу изоляторында 7 ай отырған. Оның тергеу изоляторында отырған бір күні түзету мекемесінде екі күн болып есептеледі. Жәбірленуші сотталушыдан 5 млн теңге талап еткен. Сот шешімімен Дәкебаев 2 млн теңге өтеуге міндеттелді.
ГҮЛМИРА САТЫБАЛДЫҒА ШЫҚҚАН ҮКІМ
Биыл тамызда Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі, 52 жастағы Гүлмира Сатыбалдыға үкім шықты. 2005 жылға дейін Қайрат Сатыбалдымен некеде тұрған. Мамандығы – мұғалім. Екеуінің ортақ үш баласы бар.
Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Қайрат Сатыбалдыны қамауға алғаннан кейін арада бірнеше күн өткенде Гүлмира Сатыбалды бизнесті рейдерлік басып алды деген күдікпен ұстаған еді. Прокурордың айтуынша, тергеу барысында ол Қазақстаннан қашуға тырысқан.
Кейінірек ведомство іс рейдерліктен басқа, Шымкент Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының нақты орындалмаған құрылыс-монтаж жұмыстары үшін төленген 741 млн бюджет қаражатын ұрлау бойынша өтіп жатқанын айтты. Гүлмира Сатыбалды бұл іс бойынша мемлекетке келтірілген залалды өтеген. Прокурор Гүлмира Сатыбалдыны 13 жылға соттауды сұраған еді.
Сот Гүлмира Сатыбалдыны заңсыз бас бостандығынан айыру, аса ірі мөлшерде бопсалағаны, өзінше билік еткені үшін кінәлі деп тапты. Ол 12 жылға сотталды. Кәсіпкерді заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жүргізуші 9 жылға сотталды.
СОТТАЛҒАН ТАҒЫ БІР ЖУРНАЛИСТ – ДАНИЯР ӘДІЛБЕКОВ
Наурызда астаналық журналист Данияр Әділбеков қамауға алынды. Оның істі болуына үш адам: энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов, журналист Гүлжан Ерғалиева және елорда әуежайының инвесторы Юсуш Рашед Альджаудердың арызы себеп болған. «Дикая Орда» телеграм-каналындағы анонимді жазбалары үшін журналиске екі бап бойынша айып тағылды. Оның бірі – қылмыстық кодекстің 419-бабы мұнай трейдері Ерлан Саудагеровтің тапсырысымен энергетика вице-министрі Ерлан Аккенженов туралы көрінеу жалған сөз жеткізу, екіншісі – Гүлжан Ерғалиева мен астаналық әуежайдың топ-менеджері Юсуш Альджаудер туралы көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату (274-бабы) бабы.
Сотта Ақкенженов Әділбековтің қай сөзінің көпе-көрінеу жалған екенін дәлелдей алмады, жәбірленушінің адвокаты сұраған қағаздарды да ұсынуға құлық танытқан жоқ. Ол Саудагеровті де, Әділбековті де бас бостандығынан айыруды талап етпейтінін жеткізді. Бар болғаны сот арқылы нұқсан келген ар-абыройы мен беделін қорғауға ниетті екенін айтты. Әділбековті айыптап отырған журналист Гүлжан Ерғалиева оны бас бостандығынан айыруға мүдделі емес екенін айтып, ақырғы шешімді судьяға қалдыратындарын мәлімдеген. Сот Әділбековті оған 1.5 млн теңге төлеуді міндеттеді.
Сот үкімімен Данияр Әділбеков 4 жыл 6 айға сотталды. Журналист уақытша изоляторда отырған кезде оның ұлы дүниеге келді.
Кейін құқықтық медиа-орталықтың сайтында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жарияланып, сотталған журналист Данияр Әділбековті қорғау үшін қол жинау басталды. Өтініште Әділбековке айып тағылған қылмыстар азаматтық сотта қаралуы керек деп айтылған.
ТАҒЫ ДА БАСҚА ІСТЕР
Қоғам назарына іліккен істердің ішіне сонымен бірге, «LRT» ЖШС-нің бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданның ісін, Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры Мұрат Досмұратовқа шыққан үкімді, «ҚазАвтоЖол» АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Асқар Мұратұлының жазалануын қосуға болады. Қызылордада секс-құлдыққа түскен оқушы қыздың да ісі бойынша сот істері жеке-жеке қаралып, сот үкімдері шығып жатыр. Ол істердің бәрін мақалада көрсетілген сілтемеден оқуға болады.