Қазақта шенеуніктің бәрі ақылды – батылын қайдан табамыз

Аян Өрібай

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қойған ведомство басшыларына көңілі толмайтын сияқты. Бұл нышан кейінгі сөздерінен айқын байқалады. Мұндайда «бары осы» деп, шенеуніктерге ротация жасай бергеннен пайда бар ма? Ulysmedia.kz тілшісі осы мәселеге үңіліп көрді.

Ulysmedia коллажы

«БАТЫЛ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАУЫ ТИІС»

Әңгіменің «әлқиссасы» Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбатынан басталады. Сол тұста президент мемлекеттік қызметшілерді «орынсыз сынап-мінейтін әңгімелер жиі айтылады» деп шенеуніктерді бір қорғағандай айтады да, тағы бір тұсында «мен министрлерден шешім қабылдағанда батыл болуды үнемі талап етемін» деп ескертеді. «Жергілікті жердегі ысылған мамандар» керек дейді. Ысылған маман деп отырғаны – Түркістан облысын басқарған Дархан Сатыбалды екені көп ұзамай белгілі болды. Әкім болған Сатыбалды бұрын бос тұрған Президент әкімшілігіндегі лауазымды қызметке жайғасты. 

Екі мыңыншы жылдардың басында мемлекеттік қызметке келген Дархан Сатыбалды қаржы министрлігінде, ұлттық қауіпсіздік комитетінде, премьер-министр кеңсесінде қызмет еткен. Шымкентте әкім болған. Түркістан өңіріне барғаннан кейін медиада қол астындағыларға ұрсып, ол видеосы желіде талқыланып жататын. Ақордаға қызметке келген соң ол бірден Тоқаевтың қабылдауында болды. Президент оған аймақтар арасындағы ықпалдастықты жетілдіріп, өз тапсырмалары жергілікті жерде орындалу барысына бақылауды күшейтуді жүктеді. «Сонымен қатар оған нақты міндеттер жүктелді» деп хабарлады Ақорда. Қандай нақты міндеттер екені толық жазылған жоқ.

Тоқаевтың Ақордаға қызметке келген Сатыбалдыны қабылдауы/Ақорда

Президент жақында жобалық кеңсеге барған кезде шенеуніктерден батылдық талап ететінін тағы айтты. «Министрлер де, әкімдер де батыл шешім қабылдауға дайын болуға тиіс» деді. Өзінің айтуынша, бұл міндетті бақылап, есеп беруді Дархан Сатыбалдыға жүктеген. Демек, әкімдер мен министрлердің «батылдыққа сай» критерийі бойынша Сатыбалды Тоқаевқа хабарлап отырады деген сөз. Билікке жақын делінетін «Чемодан госсекретов» телеграм-арнасы Тоқаевтың шенеуніктерге көңілі толмайтынын жазды. «Кейбір министрлер мен әкімдердің батыл шешім қабылдауға дайын емес екенін, тоқтамға келе алмайды» дейді ол арна.

КІМ ҚАЛАЙ ТҮСІНЕДІ

Тоқаевтың бұл сөзін кім қалай түсінеді? Шенеуніктердің бұл әрекеттері нендей жағдайлардан көрінеді? Жоғары деңгейдегі кейбір басшылардың батыл болмауының себебі неде? Оларға нендей факторлар қолбайлау болып отыр? Мүмкіндігі бола тұра батыл шешім қабылдауға батпай отыр дерлік жоғары деңгейдегі қандай басшыларды атап өтуге болады?

Ақорда таратқан ақпараттарды жіпке тізгенде осындай сұрақтар туындайды. Біз бұл сұрақтарды мәжіліс депутаты Абзал Құспан мен саясаттанушы Асхат Асылбековке қойып көрдік.

«ҮКІМЕТПЕН БІРГЕ БІТІРГЕН ІСТЕН ГӨРІ, БІТПЕГЕН ІСІМІЗ КӨП»

Депутат Абзал Құспан мемлекет басшысының бұл сынымен 100% келіседі. «Президент айтқан соң қолдай кету мақсатында айтып жатқан сөзім емес» дейді. Жалпы депутаттық қызметке дейін де Құспан биліктің көп ісін сынап, қоғамдық ортада, резонансты сот істерінде жүргені белгілі. Бірақ депутат болғаннан кейін соның бәрін іштен көріп жатқанын айтады. 

Абзал Құспан/Мәжіліс

Біріншіден, бізде шешім мәні бойынша қабылданбайды немесе екінші бір формасы бар  – ұзын арқан кең тұсауға салып жүріп алады. Қаншама мәселе көтереміз, айтамыз, қағаз жазамыз, сауал жолдаймыз, артынан сол міндетті атқарушылармен сөйлесеміз. «Иә, иә» дейді. Менің жолдаған сауалдарыма келген жауап жақсы, бірақ шешім қабылданбаған! Әлі күнге дейін баяғы жартас сол жартас. Жай ғана жауапкершілік ала алмайды. Менің пайымдауымша, біткен істен гөрі бітпеген іс көп, - дейді депутат.

Абзал Құспан кабминде вице-премьер Тамара Дүйсенованы атап өтеді. Сөзінше, 2023 жылы депутат болған бойда әріптесі Үнзилә Шапаққызы қазақ тілінде заңдарды қабылдау мәселесін көтеріп, Дүйсеноваға сауал жолдаған. Абзал Құспан Қазақстан тәуелсіздік алғалы мыңдаған заң қабылданып, солардың бәрі қазақ тіліне калька аудармамен аударылғанын айтады. Соның салдарынан тұтастай заңгерлердің бір буыны қазақша заңды пайдалана алмайтын жағдайда өскен. Соның ішінде Құспан «мен де бармын» дейді. Дүйсенова осы сауалдан соң, үш заңды қазақ тілінде дайындап парламентке алып келген. 

ОРЫСША АЙТҚАНДА «ГОВОРЯЩИЕ ГОЛОВЫ»

Депутаттың сөзінше, қазіргі жас министрлер өте сауатты. Көпшілігі кем дегенде үш тілде сөйлейді. 

Бірақ олар орысша айтқанда маған «говорящая голова» сияқты болып көрінеді. Өздігінен жеке дара шешім қабылдай алмайды. Әлдебір ықпалды топтардың, мүмкін олигополияның жетегінде жүр деп ойлаймын. Утиль алымға қатысты бір ғана мысалы келтірейік. Депутаттық корпустың көп бөлігі оған қарсы. Жай қарапайым халықтың пікірі мен айтпасам да түсінікті, бірақ сол тиісті салалық министр шешім қабылдай ала ма? Жоқ. Олар толықтай негіздеп те бере алмайды. Депутаттар қаншама талап етіп жатса да, халық талап етсе де олар шешім қабылдай алмайды. Яғни, ол салада үлкен бір ықпалды топтар бар. Сол ықпалды топтардың шешіміне қарсы шыға алмайды деген сөз. Мен осындай ойдамын, - дейді Абзал Құспан.

«МИНИСТРЛІКТЕРГЕ ҮМІТ АРТУДЫ ҚОЙДЫМ»

Мәжілісмен 2023 жылы наурызда депутат болып сайланған кезден бастап, киік мәселесін көтерген. Абзал Құспанның өзі Батыс Қазақстанның тумасы болған соң мәселені бір кісідей білем дейді. СССР кезінде мұндай ың да жоқ, шың да жоқ, оп-оңай бәрі реттеліп отырғанын айтады.

Қазір киік шаруашылығымен айналысатын бірде-бір мекеме жоқ бізде. Аңшылықты лицензиясы бар кім көргенге бердік. Олар барып «беспредел» жасады, сосын президент қайтадан тоқтатуға мәжбүр болды. Оны қорғайтын мекемені бөлек құрды, енді «қойшы көп болса қой бағусыз қалады» деген мақалдың нақты мысалы осы! Осындай болатынын айтып, кәдімгідей дабыл қағып, 2023 жылы мен ауыл шаруашылығы және экология министрлігіне керемет бір алгоритм жасап, шынымен зардап шеккен жеке кәсіпкерлерге «сендер малдарыңды сатпаңдар, кәсіптеріңді тоқтатпаңдар» дедім. Енді олар мына жағдайдан кейін киікке бола көпшілік шаруашылығын тоқтатып, малын сатып жатыр, - дейді депутат киіктің жайылымды жайпап кететінін айтып.

Осы мәселені құжат жүзінде реттеп, ұсынған кезде ауыл шаруашылығы министрлігінің де, экология министрлігінің де басшылығы ауысып кеткен. 

Қазір министрліктерге үміт артуды қойдым. Олар ештеңе де бітіре алмайтынына толық сенімдімін. Сондықтан қазір киік бойынша сотталған қаншама азаматтарды қылмыстық кодекске тиісті өзгерістерді енгізіп, киікті атқан адамдардың жазасын бір бөлек, ал сатқан, тасымалдаған, сақтаған әрекеттер бөлек қылып жауапкершілік енгізіп, ол азаматтардың жазасын жеңілдетейін деп отырмын. Ал министрліктермен бірлесіп, бір іс бойынша бір нәтижелі іске қол жеткізуге болатынына менің үмітім үзілді, - дейді Абзал Құспан. 

ЖАҒЫМПАЗДЫҚ ПЕН ЖАЛҒАН ЕСЕП

Саясаттанушы Асхат Асылбеков мәселенің түпкі себебі – жүйеде, жүйенің ережелерінде дейді. Оның сөзінше, Назарбаев құрған жүйеде біліктілік емес, шенеуніктердің лояльдылығы, жағымпаздығы бірінші орында тұрған. Айтуынша, шенеунік өзінің қорқақтығы немесе жағымпаздығынан президент, премьер болсын – оларға қарсы шыға алмайды. Өзінің позициясын дұрыстап жеткізе алмайды. Мәселе сонда дейді ол.

Асхат Асылбеков/Ulysmedia коллажы

Екінші мәселе – жалған есеп берілуде. Объективті ақпарат алғанның орнына әкімдердің жұмысын бағалағанда олардың жұмысына көрсеткіштер арқылы баға беріледі. Сол үшін басшылар сөгіс естімес үшін кейде жалған статистиканы береді. Жақында депутат Бақытжан Базарбек 5 млн бас мал «қағазда ғана» барын ашық айтты. Сол көрсеткішті аудан және облыс әкімдіктері береді, ізінше субсидия алады да, латифундистермен біріге ме, әйтеуір тонайды. Мәселенің түбінде жемқорлық емес, жүйенің қате ережелері жатыр. Не істеу керек дегенде, мәселе – жүйені өзгерту керек. Нақты реформатор жүйеден бастайды. Бірақ қазіргі жағдайда осы жүйе іргетас болып тұр. Косметикалық жөндеу жасаған боп, «фасадын» өзгертсе болды. Не себепті? Өйткені Тоқаев қабылдаған саяси реформалар заң жүзінде шықса да, жүйе оған белсенді түрде қарсы шығып жатыр. Оның реформаларына дискредитация жасалып, саботаж жүріп жатыр, - дейді ол.

Саясаттанушының сөзінше, Қазақстанда басшылар тағайындалады, сайланбайды. Басшы тағайындалғаннан кейін өзінен жоғары бастықтарға бағынады. 

Басшылардың біліксіздігі деген мәселе тағы бар. Жылдар бойы билікке баратын адамдар біліксіз болып шықты. Білікті, өз пікірі бар адамдар бастыққа қарсы сөз айтуы мүмкін. Сол үшін ондай адамдарды алмайды. Мұның салдары жоспарланған іске зиянын тигізеді. Ал біздің елде кейде төтенше жағдайлар болып қалып жатыр. Ормандағы өрт болсын, жылу электр станциясы жұмысындағы ақаулар мысалын соған жатқызуға болады. Екібастұзда неге батареялар қатып қалды? Өйткені өз ісін білетін әкім болса, батареядан суды ағызып тастау керектігін білер еді ғой. Оны ауылдағы малшы да біледі. Ал қаланың әкімі оны білмей, батареяның ішіндегі су қымбат деп, тиіспей, бүкіл қаланы қатырды. Миллиондаған, миллиардттаған шығынға үкімет те, халық та кіріп кетті. Мұның бәрінің түбінде жүйенің принциптері жатыр. Оны өзгертпесе, кадрларды іріктеу жүйесі қала береді, - дейді ол.

Асхат Асылбековке батыл қадам жасамай отырған шенеуніктерді атауды өтінгенбіз. Ол үкімет тізгініндегі Бектеновтің өзінен бастады.

Премьер-министр Олжас Бектенов үкіметке келер алдында антикорды басқарды. Батыл істерді жасады. Белгілі адамдарды тұтқындады. Оны үкіметке қойғанда бүкіл шетелге ұрланған активтерді қайтарады деген үміт болды. Жарайды, ол экономист емес, заңгер делік. Экономиканы түсінбесе де, 200-300 млрд доллардың кемі жартысын қайтарсын деген үміт болды. Бірақ уақыт өтті. Ол нәтижеге жеткен жоқ. Өйткені ол өз ведомствосында еркін жұмыс істеген-тін. Премьер-министр болған кезде жүйенің ішіне кіріп кетті де, жүйе оны жеңіп кетті. Ол жүйені жеңе алмады. Жеңілді, - дейді ол.

«Бірақ оның келгенінен енді ғана бір жыл болады ғой?» деген пайымға саясаттанушы «бір жыл болса да, адамдар, олигархтар белгілі. Бірнеше айдың ішінде бәрін жасауға болады ғой. Істейтін адам істейтін еді» деп өз тұжырымын шегелей түсті.