Жоғары тариф = нашар жол: Қазақстандағы ақылы трассалардағы мәселе неде

Сырым Қаржас

Ulysmedia.kz редакциясы Мәжілістің кезекті пленарлық отырысын бақылай отырып, үкіметтің түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға жасаған талпыныстары пайдадан гөрі зиянға шығып жатқанын аңғарды. Неге? Өйткені түйінді тарқатамын дегендердің өзі мәселені шешпек түгілі, оны түйіншекке айналдырып алғандай әсер қалдырады.

Ulysmedia.kz коллажы

ЖОЛДАР НАШАР, СОНДЫҚТАН АЗ ТӨЛЕЙСІЗ

Пленарлық отырыс барысында Мәжіліс депутаттары жоғары лауазымды шенеуніктерді депутаттық сауалдарға ресми жауаптармен шектелетіні үшін тағы да сынға алып, мүмкіндікті пайдаланып, нақты жауап алуға тырысты. Бірақ олардың бұл әрекеті сәтті болды деуге келмейді.

Көтерілген негізгі мәселелердің бірі – ақылы жолдардың сапасы.

Жүргізушілер мен тасымалдаушылар ақылы жолдар, әсіресе бірінші санаттағы трассалар, белгіленген сапа стандарттарына сай емес деп жаппай шағымдануда. Адамдар сапалы деп көрсетілген, бірақ іс жүзінде жөндеуді қажет ететін жолдармен жүру үшін ақы төлеуге мәжбүр. Бұл жағдай неге орын алып отыр? Ақылы жолдардың сапасын бақылауға кім жауапты? Халықтың сұрағы – егер жол сапалы деп көрсетілсе, бірақ іс жүзінде талапқа сай болмаса, оған не үшін ақы төлеуіміз керек? – деп сұрады депутат Болатбек Нәжметдинұлы.

Қойылған сұрақтар өте нақты: жолдар неге нашар, сапаға кім жауапты және мұндай жолдар үшін не үшін ақы төлеу қажет? Бірақ Көлік министрі Марат Қарабаев тек соңғы сұраққа ғана түсінікті жауап бере алды. Оның жауабы да әрдайым ақылы жолдар туралы әңгіме қозғалғанда айтылатын стандартты аргументке сүйенді – тарифтер жақында көтерілгенімен, Қазақстандағы ақылы жол бағасы басқа елдермен салыстырғанда әлі де төмен.

МИНИСТРГЕ СЕНУ КЕРЕК

Жолдың нашар тұсына ақы төлеу мәселесіне келсек, министр халық алаңдамаса болады деп мәлімдеді.

–  Дәл сол учаскелер үшін ақы алынбайды. Яғни, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан бөліктер үшін төлем алынбайды, – деді Қарабаев.

Мұнда министрдің сөзіне сенуден басқа амал жоқ. Өйткені ақылы жолдарға қатысты нормативтік-құқықтық актілерде мұндай ереже жоқ. Ол мұндай норманың заң жүзінде енді ғана бекітілетінін айтты. Бірақ министрдің жауабындағы бір жайт күмән тудырады: төлем тек жөндеу жүріп жатқан учаскелерде алынбай ма, әлде сапасыз барлық жол бөліктеріне қатысты ма? Бірақ, бұл екіталай.

ҚАРАЖАТ ҚАЙДА КЕТІП ЖАТЫР?

Егер жүргізушілер сапасыз жолдар үшін төлем жасамаса, онда Астана-Щучинск трассасы тегін болуы керек еді. Көлік министрінің сапасыз жолға ақы төлемейді деп түсіндіруі осындай қорытынды жасауға жетелейді.

–  Жөндеу жұмыстарына уақытында қаражат бөлінбеді. Бурабайға апаратын жол да осы санатқа кіреді. Бұл жол 2009 жылы аяқталды, содан бері үш рет жөндеу мерзімін өткізіп алды: екі орташа және бір күрделі жөндеу, – деп шағымданды Қарабаев.

Ол «ҚазАвтоЖол» жүргізушілердің ақшасын қайда жұмсайтынын да түсіндірді. Белгілі болғандай, бұл қаражат жолдарды күтіп-ұстауға емес, болашақта үлкен жөндеу жұмыстарын дайындауға бағытталып жатыр.

Біз қазір техникалар сатып алу жұмысын жандандырып жатырмыз. Соңғы екі жылда 1000 дана техника алдық. Бұл жалпы жолдардың жағдайын жақсартуға айтарлықтай көмектеседі, – деп үміттендірді Қарабаев.

Көлік министрлігі жол сапасын қатаң бақылауда ұстап отырғанына ешкімнің күмәні болмас үшін, ол балталаса бұзылмайтын тағы бір  аргументті алға тартты. Оның аргументі – президенттің тапсырмасы.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, республикалық маңызы бар 10 000 шақырым жолдың орташа жөндеуі жүргізілуде, – деді Марат Қарабаев.