Жұманғарин жолы: «халал шегірткеден» салық қысымына дейінгі даңғыл

Сырым Қаржас
Ұлысмедиа коллажы

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин үкіметте халықтың өміріне тікелей әсер ететін маңызды салаларды қадағалайды. Алайда «Стратегия» орталығының рейтиңінде оның үкіметтегі тиімділігі алғашқы 25-тікке де кірмейді. Ulysmedia.kz орталық вице-премьердің жұмысы неге соншалықты төмен бағаланатынын талдап көрді.

ЖҰМАНҒАРИН ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ

Серік Жұманғариннің жауапкершілік шеңбері кең ауқымды қамтиды – оның құзыретіне макроэкономикалық бюджет саясаты, салық және кеден саясаты, экономиканы демонополизациялау, мемлекеттік жоспарлау жүйесі, қаржы секторы, тарифтік реттеу, сауда, агроөнеркәсіп кешені және жер қатынастары жатады. Сонымен қатар, ол шағын және орта бизнесті дамыту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) мәселелері, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) аясындағы ынтымақтастыққа жетекшілік етеді.

Бұл бағыттардың барлығы тікелей қазақстандықтардың өміріне әсер ететінін ескерсек, Жұманғарин «Стратегия» ӘСЗИ рейтингінде тек «ақпараттық ашықтық» критерийі бойынша жоғары орынға ие болды, себебі оған қатысты сұрақ легі толастамайды. Биыл қаңтарда Олжас Бектеновтің орынбасары қызметіне кіріскеннен бері Жұманғариннің есімі медиада жиі аталатын болды. Тіпті Жұманғарин үкімет басшысы болуы мүмкін деген қауесет тарады.

Мемлекеттік қызметтегі мансабын Жұманғарин 2005 жылы Ақтөбеде бастады. Үш жыл ішінде әкімдікке қарасты экономика бөлімінде басшының орынбасары лауазымынан облыстық монополияға қарсы департаменттің директоры қызметіне дейін көтеріліп, кейін елордаға ауысты. Айта кетерлігі, мемлекеттік қызметтегі 20 жылының жеті жылын монополияға қарсы салада өткізген. Дегенмен Жұманғарин ешбір лауазымда екі жылдан астам тұрақтаған емес. Оның мансабындағы негізгі қызметтер – өңірлік даму вице-министрі (2013-2014) және ұлттық экономика вице-министрі (2017-2019). 2022 жылы сауда министрі, ал 2024 жылы ұлттық экономика министрі болып тағайындалды. Сондықтан Жұманғаринді жоғары деңгейдегі тәжірибелі саясаткер деп атау қиын. Қазір ол бедел, ықпал және саяси салмақ жинауға тырысып жүр.

ОТБАСЫ МЕН БИЗНЕС

Бұрын Серік Жұманғарин он жылдан астам уақыт жеке бизнес саласында жұмыс істеген, бірақ бұл салада айтарлықтай табысқа жете алмады. Қазір осы бағытта вице-премьердің жақындары өз күшін сынап жатыр.

Оның бауыры Еркін Жұманғарин «Alliance Partner» ЖШС (электромонтаждық жұмыстар) және «Күзет Partner» ЖШС (жеке күзет қызметі) үлестеріне ие болған, алайда қазір бұл екі компания да мемлекеттік бизнес тізілімінен шығарылған. Жұманғариннің жұбайының ағасы Әлімжан Әбубәкіров 2021 жылға дейін «Manika» ЖШС-не иелік еткен, бұл компания «жеке қызметтерді» көрсетумен айналысқан. Кейін мемлекеттік кірістер басқармасының талабымен сот шешімі арқылы таратылды. Сонымен қатар, Әбубәкіров «Ким Агро» ЖШС, «Корпорация Nexagro» ЖШС және «Транс-Инвест-АБ» ЖШС компанияларын басқарады. Аталған компаниялардың тарихы бар. Алғашқы екеуі ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейді, бірақ жылдық салық төлемдері негізінен миллион теңгеден аспайды, бұл олардың істері аса табысты емес екенін көрсетеді. Жылжымайтын мүлікпен айналысатын «Транс-Инвест-АБ» ЖШС жағдайы сәл жақсырақ – компания жыл сайын бюджетке миллион теңгеден астам салық төлейді.

Қызығы, Жұманғариндер отбасы бизнес саласын күшейтуді Серік Жұманғариннің министр қызметіне тағайындалғаннан кейінгі жылы қолға алған. Бизнес-тізілім деректеріне сәйкес, 2023 жылы бірден бірнеше компания құрылған. Вице-премьердің қарындасы Қалқа Жұманғарина «Техноскаут» ЖШС-нің тең иесі атанды, содан кейін бұл компания алғаш рет екі жылдық мемлекеттік сатып алу шартына қол жеткізді. Шарт сомасы салыстырмалы түрде аз – шамамен 4 миллион теңге. Қалқа Жұманғарина сонымен бірге кең ассортименттегі тауардың көтерме саудасымен айналысатын «Тұмар-Ақтөбе» ЖШС-ін ашты.

Еркін Жұманғарин де 2023 жылы тіркелген «Адал Ниет Ақтөбе» ЖШС-нің тең құрылтайшысы атанды, компания санаторийлік-курорттық мекемелер мен өзге де емдеу ұйымдарының қызметін ұсынады. Ал Серік Жұманғариннің жұбайының әпкесі Әнел Әбубәкірова сол жылы азық-түлікке жатпайтын тауарларды сақтау және қоймалау саласында қызмет көрсететін «Qazbond» ЖШС-нің тең иесі әрі директоры болды.

ЖҰМАНҒАРИН НЕНДЕЙ ІСІМЕН ЕЛГЕ ТАНЫЛДЫ

Серік Жұманғариннің үкіметке келгеннен кейінгі көпшілік алдындағы белсенділігі әзірге оның беделіне теріс әсер етіп жатыр. 2019 жылы ұлттық экономика вице-министрі болған Жұманғариннің журналистерге «жынымды келтірмеңізші!» деп дүрсе қоя бергені есте қалды. Олардан тарифтердің өсу себебін түсіндіруді талап еткенде осылай жауап қатқан. Қызығы, үш ай бұрын үкімет басшысы оны дәл осы тариф мәселесі бойынша сөккен болатын.

Вице-премьер қызметіне келгеннен кейін Жұманғарин БАҚ-қа «арандатумен айналыспауға» кеңес берді. Мұндай мәлімдеме шегірткенің қаптауына байланысты айтылды. Проблеманы түсіндіргенде Жұманғарин:

Шегіртке – бұл ежелден бар нәрсе, динозаврлар мен мамонттардың замандасы десе де болады. Біз онымен үнемі күрестік және күресе береміз. Кейбір елдер оны тіпті тағам ретінде пайдаланады, ақуызға бай керемет өнім дайындауды үйренген. Бізге қатысы жоқ шығар. Бірақ шын мәнінде, бұл – халал өнім, – деді ол.

«Халал өнім» туралы сөздері медиада тез тарап, шу туғызғаннан кейін Жұманғарин ешқашан қазақстандықтарға шегіртке жеуді ұсынбағанын айтып ақталды. Оның айтуынша, мұндай «қалжыңдарды» қоғамдық-саяси өмірдің шиеленісін жеңілдету үшін жасайды. Сондай қалжыңның бірі – 2022 жылғы қант дағдарысы кезінде «мен шайды тосаппен ішемін» деген мәлімдемесі.

Жұманғариннің қызметтегі сөздері мен іс-әрекеттеріне жеңіл-желпі қарауы оның айналасындағы адамдарға да тән. Мысалы, жақында мәжілістегі баспасөз мәслихатынан кейін оның баспасөз хатшысы Әлия Рахимова журналисті итеріп, «Мәжіліс сенімен өзі айналысады» деп қорқытқан.

Жұманғариннің тек БАҚ-қа ғана емес, парламентке де құрмет танытпаған кездері бар. Мысалы, салық реформасын талқылау кезінде депутаттардың сұрақтарына жауап беру орнына, телефонмен сөйлескен.

Үкіметтің салық кодексі үшін күресі барысында Жұманғарин «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында көрші елдердегі ҚҚС шектерін төмендетіп көрсетіп, мәліметтерді бұрмалаған. Сыннан кейін сұхбат мәтініндегі бұл абзац жоғалып, баспасөз хатшысы оны «жолдарды шатастырдым» деп түсіндірді. Бірақ оның сөзі көрші елдердің ресми деректерімен сәйкес келмейді.

Бұл – не баспасөз хатшысының, не Жұманғариннің жалғыз «қателігі» емес. Мәжілісте өткен тағы бір жиында Жұманғарин Қазақстан халқының басым бөлігі ТМККК және МӘМС арқылы мемлекеттік қаржыландыру есебінен емделеді деп мәлімдеді. Алайда депутаттар оны түзетіп, қазақстандықтардың 37%-ы ақылы медициналық қызметтерге жүгінетінін атап өтті.

Жұманғаринге қатысты тағы бір дау оның он пәтері бар екені туралы ақпарат тарағанда шықты. Инсайдерлер мұны сыбайлас жемқорлықпен байланыстырды. Жұманғарин мұны жоққа шығарып, пәтерлерге адал жолмен ие болғанын түсіндірді:

Бұл үйлерді менің отбасым иелік ететін бизнес құрылымдар салды. Өкінішке қарай, бұл 2007 жыл еді – ипотекалық дағдарыс басталды. Құрылысқа қомақты қаражат жұмсалды, бірақ жұмыс тоқтап қалды. 2012 жылы инвестициялық компания құрып, өзімнің және өзге инвесторлардың қаржысын тартып, құрылыс аяқталды. Бірақ пәтерлер сатылмады. 2016 жылы компанияға түсетін салықтық ауыртпалықты азайту үшін пәтерлерді өз атыма аударуды ұйғардық. Мұнда ешқандай заңсыздық жоқ, – деді ол.

Айта кету керек, Жұманғариннің сөзіне қарағанда, үйлердің құрылысы 2007 жылы басталған. Ол кезде Жұманғарин Ақтөбе облысының монополияға қарсы басқармасын басқарған. Ал 2012 жылы үйлерді аяқтау кезінде Ээономикалық даму министрлігінде өңірлік саясат департаментінің басшысы болған. Мемлекеттік қызметшілерге бизнес жүргізуге тыйым салатын заң тек 2015 жылы қабылданды.

ЖҰМАНҒАРИНШЕ ШОК

Үкімет атынан Серік Жұманғарин алға тартып отырған жаңа Салық кодексіне қарасақ, халықты алдағы орта мерзімді кезеңде нағыз «шок» күтіп тұр. Мүмкін, бұл реформа кәсіпкерлерді «көлеңкелі аймақтан» шығаруға көмектесер. Бірақ Жұманғариннің өзі мойындағандай, тауарлардың барлық дерлік түріне баға өседі. Оның айтуынша, «бұл қысқа мерзімді және уақытша өсім болмақ». Алайда Қазақстанда бағаның өсуі тоқтағанын немесе төмендегенін тек маусымдық тауарлардан көреміз.

Сонымен қатар, шағын және орта бизнес саны азаюы мүмкін. «Адал емес» және салықтан жалтару үшін «бөлшектеуге» жүгінетін кәсіпорындар жабылады. Ал шағын кәсіпорындар қызметкерлерін қысқартып, жұмыссыздықты арттыруы ықтимал. Баға өссе, халықтың сатып алу қабілеті төмендейді, тауарлар мен қызметтерге сұраныс азаяды. Бизнеске шығындарды оңтайландыру қажет болады – нағыз «шеңберден шыға алмау». Жұманғариннің айтуынша, адал бизнес баға өсімін өтеп, қызметкерлерінің жалақысын көтеруі тиіс. Бірақ бұл қаншалықты шынайы?

«Сән-салтанат салығы» да түсініксіз. Жылжымайтын мүліктің құны 450 млн теңгеден асса, оның салығы артады.

75 миллион теңгеден асатын жеңіл көліктерге, сондай-ақ қымбат теңіз кемелері мен әуе көліктеріне акциз енгізу жоспарланып отыр, – дейді Жұманғарин.

Ал ірі бизнеске бұл реформа аса әсер етпейді. Кейбір жеңілдіктер жойылса да, оның ішінде шетелдік компанияларға да қосылады. Үлкен бизнестен өндірісті дамытып, жұмыс орындарын көбейту талап етіледі. Алайда мұнай-газ секторында қазақстандық жұмысшылар негізінен төмен біліктілікті қызметтерде қала береді.

Шамамен 15 жыл бұрын Жұманғарин жер қойнауын пайдаланушылар арасында жергілікті қамтуды дамытуға жауапты «NadLoc» агенттігін басқарған. Бірақ бүгінде ірі мұнай компанияларындағы қазақстандық тауарлардың үлесі 7%-дан аспайды. Жергілікті жеткізушілерге шектеулер қойылып, нақты ілгерілеу байқалмайды.

Тарифтік саясат та сұрақ тудырады. 2018 жылы Жұманғарин, ұлттық экономика вице-министрі болып тұрғанда «ынталандырушы баға белгілеу әдісін» енгізуді ұсынды.

Тариф пен пайда сапа, сенімділік және тиімділік көрсеткіштеріне байланысты болады. Егер бұл талаптар орындалмаса, кәсіпорындар «өз қалтасымен» жауап береді, – деді Жұманғарин.

Мұны ол президент Назарбаевтың коммуналдық қызметтер тарифін төмендету туралы тапсырмасынан кейін айтты. Сол кезде Жұманғарин коммуналдық кәсіпорындардың шығынды өтейтін «ішкі резервтері жеткілікті» деді. Бірақ 2023 жылы Жұманғарин вице-премьер болғанда, бұл резервтердің жоқ екені, тарифтерді көтеру қажеттігі анықталды. Яғни, «өз қалтасымен» жауап беретін тағы да халық.

Жұманғарин үкіметте экономика дамуының орта мерзімді жоспарына жауапты. Ал бұл жоспарларда халықтың есебінен мәселелерді шешу көзделгендей.

Тұтынушы ипотекасын 25%-бен емес, 3%-ға төмен ұсынып отырған басқа банкке бара алады, – деп кеңес береді Жұманғарин.

Ал өзі «икемділіктің» нағыз үлгісін көрсетіп жүр. Мәселен, бұрын ҚҚС мөлшерлемесін 20%-ға көтеруді қолдап, оны негіздеген. Бірақ президент нұсқауынан кейін мөлшерлемені 16%-ға төмендетіп, оны да дәл солай түсіндірді.

Жалпы, Жұманғарин қазіргі кезде тек бір міндетті орындауға – жаңа салық кодексін енгізуге бағытталғандай әсер қалдырады. Ал оның жауапкершілігіндегі басқа салалардағы проблемаларға әлі араласа қойған жоқ.

Мысалы, ақпаннан бері Қытаймен шекарадағы өткізу мүмкіндігі төмендеп келеді. Қазір күніне 550 көлік ғана өтіп жатыр, ал «Нұр Жолы» өткізу бекетінің қуаты 2 500 көлікке жетеді. Кедендегі цифрлық жаңашылдықтарға байланысты жасанды шектеулер мен басқа да себептер бар.

Жұманғарин кеден саясатына жауапты болғанымен, шекарадағы мәселені шешуге асығар емес. Ал бұл жағдай саудаға, бизнестің дамуына тікелей әсер етеді. Жаңа салық кодексі жылдың соңына дейін қабылдануы мүмкін, ал бұл Жұманғариннің «жетістігі» ретінде көрсетіледі. Бірақ оның тиімділігі туралы сұрақтар одан сайын ушығады. Себебі шешілмеген мәселелер уақыт өте келе жинала береді.

Әзірге Жұманғарин өзін мәселені шешіп, оны іске асыра алатын шенеунік ретінде көрсеткен жоқ.