Мәжіліс депутаттары еңбек қатынастарын реттейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Құжатта азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттарды шектеу қарастырылған. Яғни, жұмыс беруші мен жұмысшы арасында нақты еңбек қатынасы бар болса, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт емес, еңбек шарты жасалуы тиіс.
ЕҢБЕК ШАРТЫНЫҢ БЕЛГІСІ
Депутаттар түсіндіргендей, егер жұмыс белгілі бір қызметті бір рет көрсетуге бағытталған болса — мысалы, электр желісін бір ай ішінде ауыстыру — бұл азаматтық-құқықтық сипаттағы шартқа жатады. Ал егер жұмысшы күн сайын таңертеңнен кешке дейін бір жыл бойы сол желіні бақыласа, бұл еңбек шартының белгісі.
Вице-министрдің айтуынша, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтін адамның нақты жұмыс уақыты мен регламенті болмауы керек. Ол тек алдын ала келісілген мерзім ішінде қызмет көрсетуі тиіс.
ЕҢБЕК ШАРТЫН АЙНАЛЫП ӨТУ
Депутаттар атап өткендей, кей жағдайларда жұмыс берушілер еңбек шартын айналып өтіп, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасасып, жұмысшыны толық жұмыс күніне тартады. Мұндай жағдайда жұмысшыға әлеуметтік төлемдер мен еңбек құқықтарын қорғау тиесілі.
БҰҒАН ДЕЙІН
Заң жобасын таныстыру кезінде депутаттар азаматтық-құқықтық сипаттағы шартты «қауіпті» деп атаған. Себебі бұл шарт арқылы жұмыс істейтін азаматтар әлеуметтік кепілдіктерден айырылуы мүмкін.