Берсең қолыңнан: "Каскор-Транссервис" АҚ-ның активтері күшпен мемлекетке қайтарылған

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

2023 жылы «Каскор-Транссервис» АҚ теміржол көлігімен жүк тасымалдау, көліктік-экспедиторлық қызмет көрсету, теміржол жолдарын жөндеу және салу, сондай-ақ жылжымалы құрамға техникалық қызмет көрсету салаларында қызмет атқаратын кәсіпорын – 60 жылдық мерейтойын атап өтті.

Арада бір жыл өткен соң, 2024 жылы көлік министрлігі осы ең көне отандық логистикалық кәсіпорынға қарсы сотқа шағым түсіріп, оның меншігіндегі теміржол жолдарын «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ға беруді талап етті. Сот талапкердің талабын қанағаттандырды.

Енді өз логистикалық инфрақұрылымына иелік ететін барлық кәсіпкерлер «мүлікті тартып алу» қаупінен қауіптенуі керек пе, әлде бұл мәжбүрлі түрде «сыйлау» процесі таңдаулы сипатқа ие ме –  Ulysmedia.kz тілшісі анықтауға тырысты.

ГЕОГРАФИЯМЕН ӨРІЛГЕН ТАРИХ

Маңғыстау облысының аумақтық-өндірістік кешенінің жалпы инфрақұрылымында «КТС» АҚ негізгі орындардың бірін иеленді. Бұл – жүздеген жүк жөнелтуші мен жүк қабылдаушыға қызмет көрсететін қуатты, техникалық жағынан толық жабдықталған, заманауи теміржол көлігі кәсіпорны болатын. 2023 жылғы мерейтой қарсаңында кәсіпорын құрамында 500-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған төрт еншілес ұйым жұмыс істеді.

Кәсіпорын өңірдегі ірі салық төлеушілердің бірі болды: компаниялар тобы бойынша 2022 жылғы салық жүктемесі 1 миллиард 421 миллион теңгені құрады, оның ішінде «Каскор-Транссервис» АҚ-ның үлесі 790 миллион теңге болды.

Компания басқарма төрағасы Алтай Борашев өз сұхбаттарының бірінде кәсіпорынның қалыптасу тарихын баяндады:

– Біздің кәсіпорынның қызметі 1963 жылдың тамыз айында басталды. Алғашында бұл Каспий маңы тау-металлургия комбинатының теміржол цехы ретінде құрылған болатын. Шамамен отыз жылдан кейін ПГМК-ның меншік нысаны өзгеріп, 1992 жылдың тамызынан бастап жеке шаруашылық жүргізуші субъект ретінде бөлініп шыққанға дейін ол «Каскор» акционерлік қоғамының Теміржол көлігі басқармасы болып аталды. Кейін, 1997 жылы, «Каскор» АҚ мәртебесін өзгертіп, «АК «Каскор» АҚ болып қайта құрылды және 19 кәсіпорын құрылған. Бұл кәсіпорындарға толық заңды дербестік берілді, ал теміржол көлігі басқармасы Әділет органдарында «Каскор-Транссервис» Ашық акционерлік қоғамы (ААҚ «Каскор-Транссервис») ретінде тіркелді. 2004 жылы ААҚ «Каскор-Транссервис» атауы өзгеріп, бүгінге дейін сақталып келе жатқан «Каскор-Транссервис» АҚ болып қайта аталды.

Басқаша айтқанда, «Каскор-Транссервис» АҚ Каспий маңы тау-металлургия комбинатының негізінде құрылған. Мұндай деңгейдегі кез келген өндірістік алпауыт секілді, бұл комбинаттың да өзіне тиесілі теміржол желілері болған. Кейін бұл теміржол желілерінің барлығы жеке еншілес құрылым ретінде бөлініп шыққан «Каскор-Транссервис» АҚ-ға берілген.

Айта кетейік, «Каскор» АҚ-ның акционерлік құрамы мынадай болған: 31% акция – мемлекетке, 35% – «ПГМК» өндірістік бірлестігінің еңбек ұжымына, ал қалған 34% – облыс тұрғындары мен заңды тұлғаларға тиесілі болған.

МАГИСТРАЛЬДЫҚ ДЕП НҮКТЕ ҚОЙДЫ!

Сәтті жұмыс істеп тұрған көлік-логистикалық компанияның қызметі неліктен көлік министрлігінің назарын аудартқаны әзірге тек жорамал күйінде ғана. Алайда өткен жылдың басында Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына Көлік министрлігінен «Каскор-Транссервис» АҚ-ға қарсы талап-арыз түсті. Онда министрлік компанияны магистральдық теміржол желілерін (мүлікті) мемлекеттік меншікке беруге міндеттеуді сұраған.

Көлік министрлігі өз талабын «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның ұсынған деректерімен негіздеген. «ҚТЖ» тарапынан аталған жолдар техникалық сипаттамаларына сәйкес стратегиялық маңызға ие деп танылып, сондықтан олар мемлекет меншігіне – яғни ұлттық оператор «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ға – берілуі тиіс деп есептелген.

Бұл сот процесінде үшінші тарап ретінде бас көлік прокуратурасы, қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ қатысқан. Талқылау барысында инвестициялар және даму министрілігі міндетін атқарушының 2015 жылғы 23 ақпандағы бұйрығына сәйкес, «ҚТЖ» магистральдық теміржол желілері тізіміне «Каскор-Транссервис» АҚ-ның жолдары да кіретіні айтылды. Атап айтқанда, бұл тізімге Ақтау-порт, Строительная, Строительная (химиялық парк), Юбилейная станцияларының жолдары енгізілген.

Талапкердің пайымынша, жоғарыда аталған бұйрық негізінде жауапкерге тиесілі бұл теміржол жолдары магистральдық деп танылғандықтан, тиісті инфрақұрылыммен және жер телімдерімен бірге жеке меншікте болмауы тиіс. Сол себепті оларды үкімет бекіткен тәртіп пен шарттар бойынша ұлттық басқарушы холдингке беру қажет, ал бұл холдинг өз кезегінде оларды ұлттық теміржол компаниясына, одан әрі ұлттық инфрақұрылым операторының қарауына тапсырады.

ЛОГИКА ҚАЙДА?

Сотта «Каскор-Транссервис» АҚ өкілі талапкердің инвестициялар және даму министрінің м.а. 2024 жылғы 12 мамырдағы «Магистральдық теміржол желісіне кіретін магистральдық жолдардың тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сүйене отырып қойған талабын Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына ғана емес, логика мен салауатты сана қағидаттарына да қайшы деп дәлелдеуге тырысты.

Мәселе тек меншік иесінің еркінсіз жеке меншік құқығымен тиесілі мүлікті, яғни теміржол жолдарын мемлекет пайдасына беруге болмайтынында ғана емес. Негізгі мәселе – министрдің м.а. бұйрығы «Каскор-Транссервис» АҚ-ның теміржол жолдарын магистральдық деп тану рәсімін өткізбей-ақ, оларды автоматты түрде магистральдық теміржол желісінің құрамына қосып жібергенінде болып отыр.

– Аталған бұйрықтың 4-тармағына сәйкес, ол алғаш ресми жарияланған күннен бастап он күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді, – деп уәж келтірді жауапкердің өкілі. – Бұйрықтың күшіне енуі оған сот органдарына шағымданған тұлғалардың әрекеттеріне тәуелді емес. Бұл дегеніміз – бұйрық заңды күшіне енді деген сөз. Осыған сүйене отырып, «Каскор-Транссервис» АҚ заң талабына сай магистральдық теміржол желісінің меншік иесі болып табылмайды, сондықтан бұл желіні мемлекетке не ұлттық операторға беруге құқылы емес.

Жауапкер өкілі соттың назарын мына жайтқа да аударды: аталған бұйрық күшіне енгеннен кейін, магистральдық теміржол желісінің ұлттық операторы – «ҚТЖ» ҰК» АҚ бұл желіге кіретін теміржол жолдарын пайдаланғаны үшін тариф төлеуді тоқтатқан. Қазір ол жолдарды «Каскор-Транссервис» АҚ-ның қатысуынсыз өзі пайдаланып отыр, ал компания олардың қолданылуына кедергі келтіріп отырған жоқ.

– Қазақстан Республикасының «Теміржол көлігі туралы» заңының 5-бабының 1-тармағында магистральдық теміржол желісі жекешелендіруге жатпайтыны және ол ұлттық теміржол компаниясына, одан әрі ұлттық инфрақұрылым операторының иелігіне берілу үшін, өкілетті орган белгілеген тәртіп пен шарттарға сәйкес ұлттық басқарушы холдингке берілетіні жазылған. Осыған сәйкес, талапкердің талабы «Каскор-Транссервис» АҚ-на бағытталуы мүмкін емес, өйткені бұл компания магистральдық теміржол желісіне заттық меншік құқығына ие емес, – деп өз ұстанымын түсіндірді жауапкер тарап.

Сонымен қатар, азаматтық сот отырысы жабық режимде өтті.

«Каскор-Транссервис» АҚ өкілдері соттың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген жеке меншік құқығының мызғымастығы қағидатын және Азаматтық, Жер кодекстерінің нормаларын бұзғанын мәлімдеді. Компанияның соттағы уәждері мынадай болды:

  1. Магистральдық сипаттың болмауы: «Каскор-Транссервис» АҚ-на тиесілі жолдар – кірме теміржолдар, онда пойыздың жүру жылдамдығы 40 км/сағ, ал магистральдық жолдарда бұл көрсеткіш 100 км/сағ-тан жоғары болуы тиіс.
  2. Өтемақы қарастырылмауы: Сот жеке меншікке тиесілі мүлікке өтемақы төлеуден бас тартты. Сот шешімінде бұл мүлік кезінде Кеңес Одағына тиесілі болғандықтан, енді мемлекеттік меншікке қайтарылуы тиіс делінген. Алайда бұл Қазақстан заңнамасында рұқсат етілмейтін құқықты кері қолдану (ретроспективтілік) мәселесін тудырады.
  3. Бұйрықтың Конституциядан басым қойылуы: Сот шешімі нормативтік-құқықтық актілер иерархиясын қайта қарауға мәжбүр етіп, министр бұйрығын ел Конституциясынан жоғары қойғандай әсер қалдырды.

БЕРСЕҢ ҚОЛЫҢНАН, БЕРМЕСЕҢ ЖОЛЫҢНАН...

«Каскор-Транссервис» АҚ өкілі келтірген негізді уәждерге қарамастан, судья Тленов көлік министрлігінің талабын қанағаттандыру жөнінде шешім қабылдады. Онда жауапкерді магистральдық теміржол желілерін, олардың жұмыс істеуі үшін технологиялық жағынан қажет әрі өзара байланысты нысандарды, сондай-ақ сол жолдар мен нысандар астындағы жер учаскелерін Қазақстан Республикасы қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне қарасты республикалық мемлекеттік мекемеге тапсыруға міндеттеді.

Айта кетейік, көлік министрлігі бастапқыда тек магистральдық теміржол желілерін беруді талап еткен болса, сот шешімінде инфрақұрылымды, жер учаскелерін және жылжымайтын мүлікті де беру талабы енгізілді.

Кейін «Каскор-Транссервис» АҚ басшылығы көлік министрлігіне экономикалық сот шешімін қалай орындау керегін түсіндіріп беруін сұрап ресми хат жолдады. Онда нормативтік-құқықтық актілердің иерархиясын ескере отырып, магистральдық теміржол желілерін беру тәртібін реттейтін нақты құқықтық негіздерді көрсету сұралды. Алайда министрлік тарапынан бұл сұраққа нақты әрі мазмұнды жауап берілмеген.

Бар үміт – жоғары сот инстанциясының әділ шешімінде.

Бұл ретте еліміздің ақпарат кеңістігінде екі апта бұрын тараған бір мәліметке де назар аудардық: Алматы қаласының прокуратурасы «Каскор-Транссервис» АҚ акцияларын мемлекет меншігіне қайтарды. Бұл жөнінде бас прокуратура сайтында ресми баспасөз хабарламасы жарияланған.

– Автомобиль және теміржол тасымалы саласында жұмыс істейтін «Каскор-Транссервис» АҚ-ның акцияларын мемлекеттік меншікке қайтару туралы шешім Алматы қаласы прокуратурасының араласуымен қабылданды, – делінген ресми хабарламада.

Бұған 2019 жылы мемлекет пен Түркияның «Aktau Petrol Ticaret AS» компаниясы арасында жасалған татуласу келісімінің талаптарының бұзылуы себеп болған. Құжатқа сәйкес, инвестор мемлекетпен даулы мәселені шешу мақсатында өз еркімен «Каскор-Транссервис» АҚ-ның 515 мың акциясын беруі тиіс еді. Алайда бұл акциялар бөгде «Oil Stream» ЖШС-не өтіп кеткен. Прокуратура бұл мәмілені жарамсыз деп тануды талап етіп, сот бұл талапты қанағаттандырды. Апелляциялық сот инстанциясы шешімді заңды деп растады.

Осы ақпаратқа сүйенсек, қазіргі таңда теміржол желісіне иелік ететін басқа кәсіпорындар үшін экспроприация қаупі төнбейді немесе әзірге ондай қауіп жоқ деуге болады. Қазіргі таңдағы қызығушылық тек «Каскор-Транссервис» АҚ-ның активтеріне ғана бағытталған сияқты.

Егер бұл тұжырым шындыққа жанаспаса, Ulysmedia.kz редакциясы көлік министрі Марат Қарабаевқа түсініктеме беру үшін өз алаңын ұсынуға дайын.