Олигополия, вице-премьердің киімі немесе Роман Скляр үкіметте қандай сұрақтарға жауап берді

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Үкіметте бірінші вице-премьер Роман Склярдың жауап беретін саласы өте көп: ол елде зауыттар қазірден бастап салынып, дұрыс жұмыс істеуін, жолдардың тегіс, тұрғын үйлердің қабырғалары берік болуын қадағалауы керек. Сонымен қатар энергетика мен экология салаларындағы жағдайды да бақылауда ұстауға тиіс. Бұл салаларға қатысты сұрақтар бұрыннан көп. Бірақ маңыздысы сұрақ емес, жауап. Мәлімдемелеріне қарағанда, министрлер кабинеті Қазақстанның болашағы жарқын болуы үшін әркім өз қабілетіне сай еңбек етуі керек деп санайды. Бірақ бұл ұран қазақстандықтарды «қажеттілігіне қарай» қамтамасыз ете ала ма – бұл үлкен сұрақ. Ulysmedia.kz үкіметтің «Әділетті Қазақстанды» қалай құрғысы келетінін баяндайды.

Жауаптар сұрақтан көп

Роман Скляр – үкіметтегі ең «ашық» шенеуніктердің бірі. Ол Ақорда дәліздерінде де, түрлі өнеркәсіптік форумдар өтетін үлкен залдардың фойелерінде де ешқашан қандай да бір сұраққа пікір білдіруден бас тартпайды. Үкіметтің баспасөз орталығына кіргенде көптеген журналистерге бірінші вице-премьер ескі танысындай бас изеп амандасады. Бұл жолы да Роман Скляр сенімді ақтады. 

Регламент бойынша баспасөз конференциясына 2,5 сағат бөлінген. Алайда бірінші вице-премьер де, министрлер де барлық ниет білдірген журналистер сұрақ қойғанша, баспасөз залынан шықпады. Ал шенеуніктер нақты жауап бере алмаған сұрақтарға қатысты Роман Скляр журналиске басқа сұрақ қоюға рұқсат беріп отырды. Бұған дейін мұндай тәсілді ешкім қолданбаған. Модератор кездесуді бірнеше рет аяқтауға тырысқанымен, министрлердің өздері оған мүмкіндік бермеді. Кей сұрақтар түрлі басылымдар тарапынан қайталанып қойылды, алайда Роман Скляр мен министрлер сол сұрақтарға да жауап беруден бас тартқан жоқ.

Бұл кездесудің ерекшелігі – үкіметтегі жоғары лауазымды шенеуніктер қатысқан алғашқы баспасөз конференцияларының бірі болғаны. Барлық спикерлер белсенді қатысты. Бұл, бір жағынан, алаңдатады: олардың қызмет салалары ел үшін өте маңызды және көптеген сұрақ туындатады. Екінші жағынан, үміт те ұялатады: егер министрлер вице-премьердің артына тығылуға тырыспаса, мүмкін, өз салаларында да тәртіп орната алатын шығар?

Сауранбаевтың дебюті

Баспасөз конференциясы өткен күні көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жаңа қызметінде бар болғаны бір ай ғана жұмыс істеп жатқан. Соған қарамастан, оған қойылған сұрақтар саны басқа министрлерден кем болмады. Әрине, бұл сұрақтардың көбі оның алдыңғы қызметіне қатысты болды.

Сауранбаев үкіметке Қазақстан темір жолынан (ҚТЖ) келді, бұл құрылым өткен жылғы Есеп комитетінің тұжырымына сәйкес, банкроттық шегінде тұрған проблемалық квазимемлекеттік ұйым саналады. Оның жауаптарынан темір жол саласы әлі де болса өзіне автомобиль және әуе көлігінен гөрі жақынырақ екенін байқауға болады.

Көлік саласына қатысты сын мен сұрақтарға жауап берген көлік министрі Нұрлан Сауранбаев ҚТЖ-ның қаржылық ахуалы жақсарып жатқанын айтты. Министрдің сөзінше, компания дамып келеді, ал көрсеткіштер өсіп отыр.

- Келесі жылы біз нақты нәтижелерді көрсете аламыз, сол кезде инвесторлар қандай баға беретінін өздеріңіз көресіздер, – деді ол ҚТЖ-ның қарызы туралы сұраққа қатысты пікір білдіріп.

Бұдан бір сағаттан соң ол 2030 жылға қарай транзит есебінен КТЖ-ның табысын 4,4 трлн теңгеге дейін арттыру көзделіп отырғанын мәлімдеді. Айтқандай-ақ, «бұйырса, солай болсын». Бірақ ең бастысы – осы өзгерістердің оң нәтижесін қазақстандықтар шынайы сезінуі. Әйтпесе, ҚТЖ бұған дейін де «айтарлықтай жақсарған» екен. Алайда әлеуметтік желіде әлі күнге дейін шағым айтып жүрген азаматтар бар. Не себепті – түсініксіз.

“Сіз не күтсеңіз де, ол үшін біз жауапты емеспіз”

Бұл арада Роман Скляр мен индустрия блогындағы министрлер ашық айтпағанымен, айқын сезілген басты месседждің бірі – үкімет қоғамның үмітіне сай болуға тырыспайды. Мәселен, кездесудің басында журналистер отандық өндірістің жарнамасы жоқ екенін сынға алды. Алайда бірінші вице-премьер ақталуға тырысқан жоқ.

- Мәселе менде емес. Мен шынымен де жақсы не жаман болуым мүмкін. Бірақ сіздер қазір жолай елімізде өнім өндіріп жатқан өңдеуші өнеркәсіптің жүздеген мың адамына реніш білдірдіңіздер, – деді ол.

Скляр өзін бірнеше рет Қостанай, Саран және басқа қалалардағы зауыттарда болғанын айтып, олардың сапасын жақсы білетінін атап өтті. Бірақ ол бұл зауыттарды көрмеген адамдарға бірдеңе дәлелдеуге тырыспайтынын ескертті.

Журналист болса, отандық өнімге сенетінін айтып, вице-премьердің де осы сенімін дәлелдеуді сұрады. Мысалы, пиджагының Қазақстанда тігілгенін көрсетуді өтінді.

- Әрине, мен бұрынғы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі ретінде отандық өнімді алуға тырысамын. Бұл – өмір салтым. Тамақ болсын, басқа зат болсын – өзіміздің өнімді тұтынуға тырысамын. Бірақ өзіме назар аудартқым келмейді. Пиджакты шешу – мен үшін көзбояушылық болар еді, – деп жауап берді Скляр.

Осы тұста Склярдың пиджагы «Made in KZ» екеніне сену не сенбеу – әркімнің өз еркі. Ел отандық өніммен мақтана ма, әлде оның кемшілігін көбірек байқай ма – бұл да таңдау мәселесі.

Әркімнің қабілетіне қарай

Роман Скляр мен индустрия блогындағы министрлердің баспасөз конференциясындағы негізгі ой сәл кейінірек айқын көрінді. Вице-премьерден 2022 жылдан бері Қазақстанның ең бай азаматтары өз байлығын арттырып жатқанда, кедейлердің жағдайы неге өзгермегені сұралды. Сонымен қатар, үкіметтің шешімдеріне олигархтардың ықпалы бар ма деген сұрақ та қойылды.

- Бізде олигополия жоқ, мен бұған сенімдімін. Сіз ойлаған дәстүрлі олигополия өкілдерінің ешқайсысы – адамдар болсын, компаниялар болсын – мемлекеттік органдар мен парламенттің шешімдеріне әсер ете алмайды, – деп жауап берді Роман Скляр.

Ол 2022 жылы басталған демонополизацияның сәтті жүріп жатқанын, әлі күнге дейін активтер қайтарылып жатқанын еске салды. Сонымен қатар, мемлекет активтері алынған тұлғалармен қарым-қатынасты үзбейді, олар Қазақстан заңнамасы аясында жұмысын жалғастыра алады.

- Олар ел экономикасына инвестиция салуы керек, жаңа кәсіпорындар құрып, қолда бар активтерін жаңартып, жұмыс орындарын ашып, қосылған құн жасауы тиіс. Бұл – олардың тікелей міндеті, әрі бұл – бизнестің, олардың өмірінің мәні. Бұл бағытта мемлекет ешқандай кедергі келтірмейді, – деді бірінші вице-премьер.

Ал табысы төмен азаматтарға келсек, Склярдың пікірінше, олар үшін өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласында бос жұмыс орындары жеткілікті.

- Бәлкім, ондай жұмыс бәріне ұнамауы мүмкін. Бірақ тағы қайталаймын – жастар сұранысқа ие. Егер олардың ынтасы болса, жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасып, күш салып, лайықты табыс таба алады, – деп толықтырды ол.

Яғни, әркім өз қабілетіне қарай: біреу зауыт салады, біреу жұмыс күшін береді.

Осы орайда, байлар мемлекетке көбірек бере алатыны анық. Мысалы, люкс көліктерге утильалымды алып тастау туралы сұраққа жауап бергенде Роман Скляр:

- Мұндай жеңілдік болмайды, себебі бұл әділетсіздік болар еді, – деді.

Ал «әркімге қажетіне қарай» деген қайда қалды?

Көріп отырғанымыздай, «әркімнен қабілетіне қарай» принципі барлық салада қолданылатын сыңайлы. Мәселен, Қазақстан үш қалада жаңа ЖЭО-лар салуы керек. Бұл жобаларды бастапқыда Ресей қаржыландыруға уәде берген, алайда компаниялар экспорттық қаржыландыру ала алмады. Енді ЖЭО-ны «Самұрық-Энерго» салады, бірақ Роман Склярдың айтуынша, ресейлік компаниялар бұл жобаларға серіктес ретінде қатыса алады.

Сонымен қатар мемлекет енді жанар-жағармай мен тариф бағасын қолдан ұстап, жасанды «береке» көрінісін сақтауға тырыспайтынын да байқатты. Баспасөз конференциясында Роман Скляр бұл туралы ашық айтты: бағалар өсетін болады. Тарифтерге де қатысты дәл сондай жағдай. Мемлекет бағаның өсуін тежей алмайтынын мойындап отыр.

- 2018 жылдан бері біз электр энергиясының бағасын іс жүзінде көтермедік, дегенмен қосымша қызметтер мен отын бағасы өсе түсті. Қазір 37 ЖЭО-ның 20-дан астамы «қызыл аймақта» тұр. Қыс ортасында олардың тоқтап, жылу бермей қалу қаупі шынайы болды. Бұл жағдайды әрі қарай көтеру мүмкін емес. Біз мынаны нақты түсінуіміз керек: бюджет бұл станцияларды қайта құру үшін қаржы бөле алмайды әрі бөлуге тиіс те емес. Сондықтан тарифтердің өсуі – міндетті. Бірақ бұл біртіндеп жүзеге асатын өсім. Біз ешқашан күрт қымбаттауға жол бермейміз. Тариф біртіндеп өседі және сонымен қатар әлеуметтік осал топтарға, коммуналдық қызметтер бойынша субсидия алуға құқылы азаматтарға көмек көрсету жалғасады, – деп түсіндірді Роман Скляр.

Демек, көріп отырғанымыздай, барлығымызға бар күшімізді салуға тура келеді.