Қазақстанның сыртқы саясаттағы орны қайда?

Самал Ибраева
Ulysmedia.kz коллажы

Бүгін Давоста ең ірі әрі ықпалды елдердің көшбасшылары АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған «Бейбітшілік кеңесінің» жарғысына қол қояды. Құжатқа Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қол қойып жатыр.

Трамптың бұл бастамасы бастапқыда Газа секторы төңірегіндегі жағдайды реттеуге арналған жаңа жаһандық құрылым құруды көздеген еді. Алайда кейін Кеңестің ықпал ету аясын кеңейту туралы шешім қабылданды.

Жарғыға қол қою рәсіміне ондаған мемлекеттің өкілі қатысып жатыр. Олардың қатарында Сауд Арабиясы, Түркия, Мысыр, Иордания, Индонезия, Пәкістан, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері, сондай-ақ Азия мен Таяу Шығыстың бірқатар елі бар.

Қазақстан Давосқа халықаралық қақтығыстарды диалог арқылы және бейбіт жолмен реттеуді дәйекті түрде қолдайтын мемлекет ретінде шақырылды. Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың түсіндіруінше, Тоқаев бұл шақыртуға әлемдік көшбасшылардың алғашқыларының бірі болып ие болған және әлемде бейбітшіліктің болуына өз үлесін қосуға дайын екенін растаған.

Жаһандық күн тәртібі барған сайын қатаң әрі прагматикалық сипат алып отырған тұста Бейбітшілік кеңесі идеясының өзі жылт еткен үміт сыйлайды. Әрі күшейіп келе жатқан әлемдік тұрақсыздық жағдайында мықтылармен терезені тең ұстау үшін жасалған талпыныс іспетті.

Қазір назар тек президенттер мен дипломаттарға ғана емес, қарапайым адамдарды да тікелей алаңдататын мәселелерге ауып отыр. Олар: логистика, энергетика, жеткізу тізбектері, инвестициялар және технологиялық тәуелсіздік.

Қазақстанның жаһандық аренадағы рөлі қалай өзгерді және көпвекторлы саясат өзін қаншалықты ақтады? Осы тақырыпта Ulysmedia.kz тұрақты сарапшыларымыз Наргис Қасенова мен Сағит Бакировпен пікір алмасты.

Наргис Қасенова – саясаттанушы, Гарвард университетінің аға ғылыми қызметкері, Дэвис орталығының Орталық Азия бағдарламасының жетекшісі.

Сағит Бакиров – Nurlan Kapparov Fellowship стипендиаты, Гарвард түлегі, саясаттанушы.

ДЕКЛАРАЦИЯ МЕН НАҚТЫ ІС

Бүгінде Қазақстанның сыртқы саясаты анағұрлым прагматикалық сипат алды деуге бола ма?

Сағит Бакиров: Меніңше, әңгіме Қазақстан сыртқы саясат бағыттарын өзгерткенінде емес. Негізгі өзгеріс сол бағыттарды басқару тәсілінде. Әрине, рәсімдік шаралар азайып, нақты мазмұн алдыңғы орынға шықты.

Жаңа келіссөз алаңдарына, нақты жобалар пакеттеріне және өзара іс-қимыл режимдеріне назар аудармау мүмкін емес. Күн тәртібінде логистика, визалық мәселелер, инвестициялар, стратегиялық минералды ресурстар мен жасыл энергетика тұр.

Бұл сыртқы саясаттың «барлығымен доспыз» деген ұранмен шектелмей, нақты мәмілелер мен тетіктерге сүйенуінің өте жақсы көрсеткіші.

Мәселен, Еуропалық одақпен қарым-қатынас енді жай серіктестік туралы әңгіме емес, визалық жеңілдету және реадмиссия жөніндегі нақты келіссөздердің басталуына ұласты.

Қытаймен де біз тек «мәңгілік достық» немесе абстрактілі құндылықтар туралы айтумен шектелмей, қолданбалы ынтымақтастық пакеттерін, логистика, инфрақұрылым мен қауіпсіздікті ұштастыру мәселелерін талқылап отырмыз. Бұл мемлекет басшылары деңгейіндегі сапарлар мен келіссөздер барысында айқын көрінді.

АҚШ және Батыспен қарым-қатынаста да тақырыптық нақтылық күшейді. Стратегиялық минералдар бойынша жеке бағыт қалыптасты, инвестициялар пайда болды, Орталық Азиямен экономикалық байланыс тереңдеді. Бұл енді тек дипломатиялық диалог қана емес. Сондықтан бүгінде декларативті көпвекторлылықтан мүдделерді неғұрлым прагматикалық басқаруға көшу жүріп жатыр деп сеніммен айтуға болады.

Наргис Қасенова:

Менің ойымша, 2025 жылы Қазақстанның сыртқы саясатында түбегейлі өзгерістер болған жоқ. Астана Қытайды, Еуроодақты, Түркияны, АҚШ-ты және Жапонияны қоса алғанда, ірі державалармен қарым-қатынасты белсенді түрде дамыта отырып, көпвекторлы саясатты жалғастырды.

Бұл кезең 2022 жылы Қаңтар оқиғаларынан және Украинадағы толық ауқымды соғыс басталғаннан кейін қалыптасты. Ол екі негізгі ерекшелікпен сипатталады: геосаяси тепе-теңдікті сақтау мен тәуекелдерді «хеджирлеуге» бағытталған қарқынды әрекеттер және Қазақстанды «орта держава» ретінде таныту.

ТЕПЕ-ТЕҢДІК ПЕН ТӘУЕКЕЛДЕР

Жаһандық поляризация күшейген жағдайда ірі күш орталықтарының арасында белсенді теңгерім ұстанған қазақстандық модель қаншалықты орнықты? Ондағы негізгі тәуекелдер қандай?

Сағит Бакиров: Меніңше, белсенді баланс саясаты өміршең болып қала береді. Алайда оны тұрақты деп сеніммен айтуға болмайды. Өйткені бейтараптықтың құны кезең-кезеңімен арта түседі.

Орта держава ретіндегі Қазақстанның басты артықшылығы – ресурстары мен географиясы. Энергетуикалық ресурстар, транзит, стратегиялық минералдар және өңірлік рөл елді түрлі күш орталықтары үшін маңызды етеді. Сондықтан теңгерім болуы мүмкін. Басқаларға қажет дүниелер бізде бар, ал бізге қажет дүниелер оларда бар.

Сонымен бірге елеулі тәуекелдер де жоқ емес. Біріншісі, белгілі бір тарапты таңдауға мәжбүрлеу қаупі. Ол дәл қазір іске асуы мүмкін емес шығар, бірақ әсіресе «қызу» тақырыптарда әрдайым сақталады. Поляризация күшейген сайын маневр жасау кеңістігі тарылып, «не бізбен, не оларға қарсы» деген формат күшейе түседі. Бұл әскери логистикаға, технологиялық тізбектерге және өзге де салаларға қатысты болуы мүмкін.

Екінші тәуекел – инфрақұрылым мен транзиттің осалдығы. 2025 жылдың соңы саяси бейтарап болған күннің өзінде маршруттар мен тасымалға тәуелді екенімізді көрсетті. Ресей аумағындағы инфрақұрылымға соққы КҚК арқылы экспортқа әсер етті. Нәтижесінде геоэкономикалық күйзеліс пайда болып, балама жолдар іздеуге тура келді.

Үшінші тәуекел – міндеттемелердің шамадан тыс артуы. Қытаймен, ЕО-мен, АҚШ-пен, Түркиямен, Ресеймен және өңірлік форматтармен бір мезгілде қарым-қатынасты тереңдету нормалар мен ережелер қақтығысына әкелуі мүмкін. Бұл – комплаенс, экспорттық бақылау, стандарттар, деректер мен технологиялар секілді таза құқықтық мәселелер. Әр елде талап әртүрлі, бұл да қауіп тудырады.

Жалпы алғанда, теңгерім ұстауға болады. Бірақ ол енді жай дипломатиялық өнер емес, инвестициядағыдай тәуекелдер портфелін басқаруға көбірек ұқсайды. Яғни, әртараптандыру, хеджирлеу, тәуелділік лимиттері. Шартты түрде айтсақ, «инвесторлық» құралдар арқылы теңгерімді ұстау қажет.

Наргис Қасенова:

Теңгерімнің өзі белгілі бір тұрақсыздықты білдіреді және әрекеттер мен сигналдарды үнемі қайта қарастыруды талап етеді.

Сонымен қатар Қазақстан секілді көпвекторлы саясатты ұзақ уақыт бойы жүйелі жүргізген мемлекет үшін бұл тұрақтылық факторына айналады. Өйткені өзге елдер мұндай мінез-құлыққа үйреніп, Астанадан не күтуге болатынын біледі.

Қазіргі поляризация жағдайында мұндай саясатты қолданатын елдер саны артып келеді. Себебі олар АҚШ-қа да, Қытайға да толық сенім арта алмайды. Сондықтан «көпвекторлы саясат» терминінің кең таралуы заңды. Қазір multialignment – мультиқосылу ұғымы да жиі қолданыла бастады.

Бүгінгі күрделі әлемде бұрынғыдай бірінші, екінші және үшінші әлем деген жіктеу жоқ. Ішкі қайшылықтардан әлсіреген Батыс бар, жаһандық амбициясы зор, бірақ одақтастары жоқ Қытай бар, бұрынғы қуаты әлсіреген, өткенмен өмір сүріп келе жатқан Ресей бар. Сонымен қатар Үндістан, Бразилия, Индонезия сияқты Оңтүсітік – Оңтүстік-шығыс елдері бар.

«Бірінші» әлем бұрынғы үстемдігін, ортақ болмысын және мақсат-мұратын жоғалтып барады. «Екінші» әлемді Ресей қайта тірілте алмады, Еуразиялық одақ арқылы тырысқанымен, нәтиже шықпады. Ал «үшінші» әлемнің кейбір елдері айтарлықтай күшейіп, бүгінде Батыс елдеріне бәсеке бола алатын деңгейге жетті.

Осы көпполярлық маневр жасауға мүмкіндік береді және қосылу немесе қосылмау формаларына жол ашады. Әрине Қазақстан үшін мұндай баланс белгілі бір тәуекелдерге, ең алдымен, Мәскеудің наразылығына әкелуі мүмкін. Бұл қосымша шығындарды да талап етеді, өйткені кейде тиімділікті құрбан етіп, әртараптандыруға баруға тура келеді. Алайда егер біз егемендігімізді сақтағымыз келсе, бұдан өзге жол жоқ.

5 ЖЫЛДАН КЕЙІН НЕ КҮТЕМІЗ

Өткен жылы айқын көрінген Қазақстанның сыртқы саясат векторларының қайсысы алдағы жылдарда стратегиялық тұрғыдан ең маңызды деп ойлайсыз?

Наргис Қасенова:

Ең стратегиялық маңызды бағыттардың қатарында Ташкентпен бірлесіп Орталық Азия интеграциясын ілгерілету тандемін, сондай-ақ Орта дәліздің саяси өзегіне айналған Әзербайжан және Түркиямен «түркі белдеуін» қалыптастыруды атар едім.

Алдағы уақытта өңіраралық және шағын альянстар халықаралық қатынастарда барған сайын маңызды рөл атқарады деп ойлаймын. Бес жылдан кейін бізде жақсы жұмыс істейтін өңірлік бірлестік, тіпті көршілермен шағын одақ қалыптасса деген үміт бар.

Сағит Бакиров:

Алдағы үш-бес жылда ең стратегиялық маңызды бағыт – қарым-қатынас пен экономикалық тәуелсіздік, яғни Орта дәлізді дамыту дер едім.

Транскаспий бағыты және соған негізделген серіктестік блогы – Еуроодақ, Қытай және көрші елдер. Неліктен? Өйткені бұл – көпвекторлылыққа қарсы келмейтін, керісінше оны мүмкін ететін метавектор.

Маршруттар, инфрақұрылым, цифрлық және кедендік шешімдер, порттар мен теміржолдарға инвестициялар, келісілген ережелер болған кезде сен бір бағыттың тұтқыны болмайсың және барлық тараппен келіссөзде әлдеқайда мықты көрінесің.

2025 жылы бұл Еуропаның Транскаспий дәлізіне қатысты күн тәртібінің күшеюінен анық байқалды: инвестициялық форумдар, жаңа келісімдер, порттар мен жолдарға, цифрлық жүйелерге, стратегиялық материалдарға басымдық берілді. Мұнда Қазақстан негізгі буын ретінде көрініп отыр.

Сонымен қатар Қытай бағыты өз маңызын сақтайды. Ең тиімді сценарийде ол жалғыз тірекке айналмай, Қазақстанды нарықтар, сауда режимдері мен кедендік жүйелер арасындағы торапқа айналдыратын ауқымды транзиттік әрі өндірістік құрылыстың бір бөлігі болады.

Осы тұста сыртқы саясат тікелей экономикалық стратегияның жалғасына айналады. Тәуелділік азаяды, маневр мүмкіндігі мен тұрақтылық артады, ал егемендік нығая түседі.