Үкіметтің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Қаржы министрлігінің қарауына беру туралы шешімі ешкімді таңғалдырған жоқ. Бұған себеп – триллиондаған теңге айналатын МӘМС қоры төңірегінде айтылған «жаппай заңбұзушылықтар», «өрескел қолдан жасалған деректер» туралы ауыр айыптаулар болды. Бұл мәселеге байланысты пікір білдіргендер көп. Осы орайда Ulysmedia.kz қарапайым медицина қызметкерлерінің көзқарасын білуге тырысты. Олар қорды Қаржы министрлігінің басқаруына беруге қалай қарайды?
Қаржыландырудағы жаңа бағыт
2026 жылдың қаңтар айының ортасында Қазақстанның ақпарат кеңістігі жұртты есеңгіреткен сандармен дүр сілкінді. Премьер-министр Олжас Бектенов Қаржы министрлігінің талдауына сүйене отырып, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын (ӘМСҚ) тексеру нәтижелерін жариялады.
Есепке сәйкес, тексеру барысында қаражатты мақсатсыз пайдалану мен ашық ұрлау сипатындағы жүйелі схемалар анықталған. Ең резонансты мысалдардың қатарында:
Аудиторлар сондай-ақ қайтыс болған адамдарға медициналық қызмет көрсетілген мыңдаған жағдайды анықтаған. Оның ішінде екі жарым жыл бұрын көз жұмған адамды дәрігердің қабылдағаны туралы фактілер де бар.
Бұдан бөлек, есепте «жынысына сай емес скринингтер» жеке көрсетілген: 770 мыңға жуық ер адам жатыр мойны обырына тексеруден өткен, бұдан бөлек ер адамдарға жүздеген маммография жасалған.
Қаржы министрі Мәди Такиев ӘМСҚ-ның жинақталған инвестициялық кірісі 588 млрд теңгеге жеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қаржының едәуір бөлігі «қор активтерінде жинақталып, медициналық қызмет көрсетуге бағытталмай отыр».
Сонымен қатар, медициналық ұйым басшыларының табысына жүргізілген салықтық талдау да қоғам таңданысын тудырды:
Дәл осы деректер қорды Қаржы министрлігінің бақылауына беру шешімін қабылдауға негіз болған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл қадамның мақсаты – «азаматтардың өмір сапасын жақсартуға арналған қаражаттың талан-таражға түсуін тоқтату» және «Әділетті Қазақстанды қалыптастыру».
Құқық қорғау органдарына барлық кінәлілерді анықтау тапсырылды.
«Біздің қолдан не келеді»: аудандық емханадағылардың пікірі
Билік өкілдері триллиондар мен миллиардтар жайлы айтып жатқанда, қарапайым емханалардың кабинеттерінде мүлде басқа жағдай қалыптасқан. Мемлекеттік емханада жұмыс істейтін, 20 жылдық еңбек өтілі мен жоғары санаты бар дәрігер анонимді сұхбатта мүлде басқа шындықты баяндайды.
– Менің ставкам – 300 мың теңге, ал таза оклад – 200 мың. Есептей беріңіз, – дейді ол.
Дәрігердің айтуынша, өткен жылы ол жалғыз өзі 7 мың науқас қабылдаған. Ал кезекшілік, түнгі ауысымдар мен стационардағы жұмыс көбіне ставкаға кіріп кетеді де, қосымша ақы төленбейді.
«Миллиондық жалақы» туралы әңгіме айтыла қалса, ол еріксіз жымияды.
– Әрине, миллионды биік креслода отырғандар алатын шығар.
Ол премьер-министрдің мәлімдемесін естігенін айтады, алайда бұл сөздер өзінде де, әріптестерінде де терең түсінбеушілік тудырған.
– Бұрын DAMUMED жүйесіндегі тіркемелер үшін бізді айыптағанда да, оның қалай болғанын түсінбеген едік. Ал Бектенов келтірген деректер мүлде ақылға сыймайды.
Дәрігер қабылдау жүйесіндегі бюрократияны егжей-тегжейлі түсіндірді. Оның айтуынша, науқасты фото немесе код арқылы міндетті түрде сәйкестендіру қажет, онсыз жүйе мүлде ашылмайды.
– Ер адамды әйелдер консультациясына тіркеу мүмкін емес екенін кез келген дәрігер біледі, – дейді ол Қаржы министрлігінің есебіндегі деректерге таңданысын білдіріп.
Оның пікірінше, бұл «абсурд қателіктер» дәрігерлердің қасақана әрекетін емес, өздері жұмыс істеуге мәжбүр жүйенің кемшілігін көрсетеді.
– Меніңше, бұл – өзгерістер қажет деген сөз. Бюджетте қосымша қаражат табу көзі ретінде қор ілініп отыр. Ал сол үшін біз тағы да құрбан боламыз, – дейді ол.
Дәрігерлер қоғам санасында әлдеқашан «ұрылармен теңестірілгенін» айтады. Ал жаңа айыптаулар пациенттердің қысымын одан әрі күшейткен. Көпшілік МӘМС төлемін дәрігердің өзіне төлеп отырмыз деп ойлайды.
«Ешкімді асырамайтын» қор
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгенде билік қаржыландыру ашық болады, дәрігерлердің табысы өседі деп уәде еткен. Алайда қарапайым орындаушы деңгейінде ештеңе өзгермеген.
– Қорға біздің еш қатысымыз жоқ. Бұл – бөлек ұйым. Біз өзіміз де МӘМС төлейміз. Бірақ жалақы көтерілген жоқ, жұмыс жағдайы жақсарған жоқ, – дейді дәрігер.
Оның айтуынша, жүйе халықтың ашуын арттырмаса, азайтқан жоқ. Әр екінші науқас төлеген жарнасын алға тартып, ерекше қызмет талап етеді. Ал дәрігер бұл қаржыдан бір тиын да көрмейді.
– Барлық жарна «жоғарыда» өзара бөлініп, ай сайын өздеріне сыйақы жазылады.
Тіпті мерекелік сыйақылар да сирек берілетін болған.
– Бұрын мереке сайын аз да болса берілетін. МӘМС-ке көшкен соң мүлде жоқ. Ақша жоқ дейді.
Сөйтіп, медицина қаржыландыруын жақсарту үшін құрылған қор «жергілікті жердегі» дәрігер үшін қағазбастылық пен шиеленісті ғана арттыратын, пайдасы жоқ қара жәшікке айналған.
Қасқырға қой бақтырғанмен тең
ӘМСҚ-ны Қаржы министрлігіне беру шешімі дәрігерге үміт емес, алаңдаушылық тудырады.
– Бұл бізге ештеңе бермейді. Керісінше, жағдайды ушықтырады, – дейді ол.
Себебі, оның ойынша, қаржыгер медицина саласының ерекшелігін түсіне алмайды.
– Білім саласын да қаржыгер басқаратындай жағдай ғой бұл.
Ол Қаржы министрлігі медицинаға тек цифрмен қарайды деп қауіптенеді.
– Оларға: бинт – 200 теңге, мақта – 100 теңге деп норма береді. Ал бізде кейде он есе көп қажет болатын жағдайлар бар.
Мұндай тәсіл жүйедегі соңғы икемділікті де жояды дейді ол.
– Қазірдің өзінде медицина әрең тұр. Қаржыны қысу түптеп келгенде пациентке соққы болады.
«Ауқымды тазалаудан» кейін жүйені не күтіп тұр?
Қалыптасқан жағдай терең жүйелік дағдарысты көрсетіп отыр. Жоғарыдағылар ашық ұрлықтар мен қисынсыз тіркемелерді көріп, қорды қатаң қаржылық бақылауға беріп жатыр. Төмендегілер, яғни қарапайым дәрігерлер ауыр еңбек, қағазбастылықтың өсуі және миллиардтар мен өздерінің 300 мың теңгелік жалақысы арасындағы байланысты түсіне алмайды.
– Мемлекеттік медицинаға ешкім барғысы келмейді. Жастар міндетті мерзімін өтейді де, кетіп қалады, – дейді дәрігер.
Қаржыландыруды қысқарту мемлекеттік медицинаның соңғы тұяқ серпуі болуы мүмкін.
– Ақырында зардап шегетін – науқастар.
Ақша қайда кетіп жатыр?
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл сұраққа премьер-министрден де өткір жауап береді. Қарапайым дәрігер – жүйенің пайдасын көретін адам емес, оның тұтқыны. Ол қымбат дәріні де, жабдықты да «ұрлай» алмайды. Ұрласа, қалам мен қағаз ұрлар, басқа не алады? Ал есік алдында кезекте тұрған пациентті қайтеміз? Дәрігер қабылдауына апталап жазыла алмай жүрген олардың не кінәсі бар?
P.S. Қайда барсаң да Қорқыттың көрі…
Айта кетейік, экс-денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жақында берген сұхбатында қорды Минфинге беруден басқа жолды ұсынды. Оның пікірінше, мәселенің түп-тамыры – ақпараттық жүйелердің өзара үйлеспеуінде.
– Бір базада адам қайтыс болды деп тұр, ал екіншісінде соған дәрі жазылып жатыр.
– Мен қаржы министрлігі мұның бәрін шеше алады деп ойламаймын, – деді ол.
Біртанов ӘМСҚ-ның мәртебесін Үкімет деңгейіне көтеріп, оны барлық министрліктің ортақ жауапкершілігіне айналдыруды ұсынды. Осылайша реформа екі жолдың торабында тұр.
Бір жағында ұрлықты тоқтатуға тиіс қатаң қаржылық бақылау тұр. Бірақ ол саланы толық күйретуі мүмкін. Екінші жағында – жылдар бойы аяқталмай келе жатқан күрделі басқарушылық және техникалық реформа. Ал осы екеуінің ортасында айына 300 мың теңгеге күніне 60-70 науқас қабылдайтын қарапайым дәрігер тұр. Ол адам емдей ме, әлде ертеңгі күнім не болар екен деген уайыммен отыра ма? Бізге қайсысы маңызды?