Өткен жылы қазанда коммуналдық қызмет тарифтеріне енгізілген мораторий 2026 жылғы екінші тоқсанда, яғни 1 сәуірден бастап тоқтайды. Ulysmedia.kz тілшісі алдағы уақытта баға қаншалықты өседі деген сұраққа жауап іздеп, әр тараптың ұстанымын саралап көрді.
Тарифтерді көтеру шешімі коммуналдық кәсіпорындардың өтінімі негізінде қабылданады
Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті тарифтерді түзету мәселесі қажеттілік туындаған жағдайда қаралатынын айтады.
- Өзгерістер әрбір табиғи монополия субъектісі бойынша жеке-жеке талданады. Бұл талдау экономикалық тұрғыдан негізделген, құжаттармен расталған өтінімдерге сүйене отырып және олардың қызметінің өзіндік құнының қалыптасуына әсер ететін факторларды ескере отырып жүргізіледі. Тарифтердің өзгеру динамикасы берілген өтінімдерге, факторлардың әсеріне, инфрақұрылымның техникалық жағдайына, сондай-ақ өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты болады. Сонымен қатар, тарифтерді үкімет бекіткен инфляциялық дәліз шегінде арттыруға рұқсат етіледі", - дейді комитет.
Уәкілетті органның мәліметінше, коммуналдық қызметтердің тарифтері көптеген факторларға байланысты. Олардың қатарында отын, газ және электр энергиясы бағасының өсуі, материалдар мен қызметтердің қымбаттауы, салықтар, тұтынушылар саны және көрсетілетін қызмет көлемі бар. Сондай-ақ желілердің тозуы, оларды жөндеу мен жаңғыртуға кететін шығындар, жалақының өсуі және электр энергиясы мен газ бағасының қымбаттауы да ескеріледі.
Тарифтерді көтеру туралы шешімді уәкілетті орган коммуналдық кәсіпорындардың өтінімі негізінде қабылдайды. Бұл ретте инфрақұрылымның жағдайы, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал және инфляциялық дәліз ескеріледі. Тариф құрамына тек негізделген және құжатпен расталған шығындар ғана енгізіледі.
Ұлттық банк мәліметінше, биылғы жылы инфляциялық дәліз 9-12 пайызды құрайды.Ендеше, тариф құнына осы фактор әсер етеді деген сөз.
Үкімет не дейді
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында Қазақстанда коммуналдық қызмет құны қымбаттай беретінін айтқан еді.
- Тарифтерге келсек, олардың қымбаттауы тоқтаған жоқ. Тарифтердің өсуі әрі қарай да жалғасады. Бұл ауыр, жағымсыз мәселе, дегенмен Үкімет тарифті нарықтық деңгейге жеткізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр», – деген еді Үкімет басшысы.
Олжас Бектеновтің айтуынша, коммуналдық саладағы тарифтер ұзақ уақыт бойы қолдан реттеліп, тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық саласына инвестиция тартуға мүмкіндік бермеген. Соның салдарынан үлкен қалалардың коммуналдық саласында 2022-2023 жылдары апат болып, Риддер, Екібастұз сынды шаһарлар қыста жылусыз қалған.
- Қыста үйіміз жылы, суы ағып, жарығы жанып тұрғанын қаласақ, кәріз бен жылу жүйесі дұрыс жұмыс істесін десек, тарифтерді көтеруге мәжбүрміз, – деді ол.
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов 1 сәуірден бастап коммуналдық қызмет тарифтері қалай өсетіні туралы сұраққа бұл мәселе әлі талқыланып жатқанын және «әзірге нақты шешім жоқ» екенін айтқан еді.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мораторий кезеңінде билік табиғи монополиялардың инвестициялық міндеттемелеріне кешенді тексеру жүргізіп жатқанын айтады. Қарапайым тілмен айтқанда, тұтынушылар бұрын төлеген ақшаның қайда жұмсалғанын және тарифті әрі қарай көтеру туралы сұраныстар қаншалықты негізді екенін тексеріп жатыр.
Оның айтуынша, 2026 жылдың екінші тоқсанынан бастап тарифтер «теңгерімді түрде» және инфляцияның мақсатты деңгейіне байланысты өсетін болады. Үкіметтің жоспары бойынша тарифтер күрт өспейді, бірақ баға өсімі бәрібір болады.
Тарифтер 20–30% дейін өсуі мүмкін
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев бұған дейін экономисттердің пікіріне сүйеніп, 2026 жылы тарифтер 20–30% дейін өсуі мүмкін екенін айтқан еді. Оның есептеулері бойынша, шамамен бір бөлмелі пәтер үшін айына қосымша 3-5 мың теңге, екі бөлмелі пәтер үшін айына қосымша 5-7 мың теңге қосылуы мүмкін.
Алайда Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев өсімнің қанша болатынын нақты айту әлі ерте екенін мәлімдеді. Оның айтуынщша, елімізде 224 коммуналдық компания жұмыс істейді, олардың әрқайсысының өз инвестициялық бағдарламасы, желілердің тозу деңгейі және қаржылық жағдайы бар.
- Тимур Ернатұлы тариф 30%-ға өседі деп асығыс айтқан секілді. Менің ойымша, бұл туралы жазбаша сұрау жіберген дұрыс. Біз тек негізделген өсімді енгізіп жатырмыз, - деді Бозымбаев.