«Қазақ деген ұлт болмаған»: СІМ Ресей тарихшысына жауап бермейді

Қалижан Бектемір

Күні кеше Ресей тарихшысы Михаил Смолин 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін қазақ пен өзбек деген ұлт болмаған деп мәлімдеме жасаған болатын. Бұған Сыртқы істер министрлігі ешқандай реакция танытпады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

Оқи отырыңыз: «Қазақ деген ұлт болмаған»: Ресейден тағы бір арандату сөз желдей есті

Ал Өзбекстан тарапы бұған жауап берді. Осы орайда журналистер Парламент Сенаты кулуарында Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаевадан ресейлік тарихшыны қара тізімге енгіземіз бе сұрады.

Қоғамда кейбір жеке тұлғалар өткенге және Қазақстан тарихына қатысты түрлі пікір айтады. Менің ойымша, жеке тұлғалардың пікіріне комментарий берудің керегі жоқ. Оның заң және практика тұрғысынан мәні жоқ. Сондықтан басқа сұрақтарыңыз болса, аптаның әр дүйсенбісінде Сыртқы істер министрлігіне өтетін баспасөз мәслихатына шақырамыз. Мұнда осындай сұрақтар қойылады, – деп жауап берді ол.

Журналист: Қазақстан бұған жауап бермей ме? Себебі, бұл ұлттық бірегейлікке қатысты ғой, – деп және сұрады.

Мен сұраңызға жауап бердім. Рақмет, – деп қысқа қайырды Сыртқы істер министрінің орынбасары 
Назира Нұрбаева.

Әңгіме қайдан шықты?

НТВ телеарнасының «Место встречи» бағдарламасына сұхбат берген тарихшы әрі жазушы Михаил Смолин қазақ, өзбек, әзербайжан деген ұлттар ешқашан болмаған, олар қолдан жасалған деген сөз айтқан.

«Қазақстан деген қалай пайда болды? О баста РСФСР құрамындағы Қазақ ССР-і деген пайда болды. Яғни ешқандай қазақ деген болған жоқ. Кейін Қазақ ССР-інің құрамында Қырғыз ССР-і дегенді құрды. Одан кейін оларды РСФСР-ден бөліп шығарды. Ол жерде ұлт қалыптастыруға қатысты небір сорақы шешімдер іске асты. Мысалы, революцияға дейін өзбек деген болған жоқ. Ондай этникалық атау болған емес. Алды да бірнеше Орталық Азиядағы ұлттан өзбектерді жасап шықты. Тура солай, әзербайжан ұлтын айтсақ болады. Әзербайжан деген ұлт революцияға дейін болған емес. Айтпағым Ресей империясының жерін түрлі этникалық топтарға бөліп берді», - дейді ол.

Канделакидің шуы

Бұған дейін ресейлік журналист Тина Канделаки  «Қазақстан орыс тілін ысырып» жатыр деп мәлімдеген. Оның бұл жазбасына еліміздегі теміржол бекеттері атауының орысшадан қазақшаға өзгеруі себеп болған. Журналист өзінің Telegram-арнасында «тарихтағы өз орнын қолдау сылтауымен өте алысқа баруға болатыны түсінікті, әсіресе, осындай күмәнді шешімдерді ілгерілету үшін тарихты жасыру ыңғайлы» деп жазған.

Осы орайда қазақстандық тележүргізуші Динара Сәтжан Канделакиге әлеуметтік желі арқылы жауап беріп, біздің еліміздегі қазақ тілі мемлекеттік тіл екенін атап өткен. «Қай теміржол станциясын қалай атауға болатынын өзіміз шешейік. Т/Ж станциялары атауын өзгерткен жоқ, бұл олардың қазақ тіліндегі дұрыс аумақтық атаулары» деді ол.

Кейін Мәжілістің бір топ депутаты Канделакидің сөзіне қатысты пікір білдірді. Сондай ақ ҚР Сыртқы істер министрлігі ресейлік медиа өкілінің Қазақстанға кіруіне тыйым салынғанын мәлімдеді.