Мемлекет басшысы жазушы Медеу Сәрсекенің отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп жазады Ulysmedia.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, драматург және қоғам қайраткері Медеу Сәрсекенің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.
– Медеу Сапаұлы кемеңгер жазушы ретінде талғамы жоғары оқырманның ықыласына бөленді. Қазақ әдебиетіндегі фантастика жанрының сүрлеуін салған қаламгер ғылымның мүмкіндігін өрнекті сөзбен кестелеп жеткізе білді. Соңына бай рухани және әдеби мұра қалдырған Медеу Сапаұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған жеделхатта.
Қаламгер жайлы
Медеу Сапаұлы Сәрсеке қазіргі Абай облысы бұрынғы Абыралы ауданы Қайнар кентінде 1936 жылы 2 қаңтарда туған. Орта мектепті Алтын медальмен тәмамдап, Алматыдағы Кен-Металлургия институтына түсіп, инженер-металлург мамандығын 1958 жылы иеленген. «Лениншіл жас» газетінің редакциясына қызметке шақырылып, 1958-59 жылдарда әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып еңбек етеді.
1959-64 жж. – Семей цемент зауытында ауысым мастері, зауыт диспетчері, өндіріс-техника бөлімінің аға инженері. Ғылыми-фантастикалық жанрда толғаған алғашқы екі кітабы бойынша 1962 ж. КСРО Жазушылар одағына мүшелікке қабылданған. 1964-65 жж. «Социалистік Қазақстан» газетінің ШҚО бойынша меншікті тілшісі. 1965-97 жж. Қазақстан Жазушылар одағының Ертіс бөлімшесінің секретары. КСРО қадамгерлерінің 1970-1990 жж. аралығында шақырылған үш құрылтайына делегат мандатымен қатынасқан.
Медеу Сәрсеке қазақ әдебиетінде ғылыми-қиял жанрының өрістеуіне айрықша үлес қосқан қаламгер. 1959-65 жж. «Ғажайып сәуле», «Көрінбестің көлеңкесі» «От және атом» және «Жетінші толқын» аталған ғылыми-фантастикалық хикаяттары жарық көріп, жазушының соңғы шығармасы 1964 жылдан беріде мол таралыммен бірнеше мәрте басылып, 100 мың дана таралыммен орыс тілінде жарияланып, күллі Одаққа мәлім болды.
Инженер қаламгер төл әдебиетте өндіріс тақырыбының жаңа белеске көтерілуіне де айрықша үлес қосты. Жарылыс» («Взрыв») және «Көмбе» («Клад») романдары өткен ғасырдың 1980-90 жж. жазылып, іле-шала орыс тіліне аударылған (тәржімалаушы мәскеулік қаламгер Н. Родичев). «Молодая гвардия» журналы және «Литературная газета» «Жаңа есім» деген айдармен «Жарылыс» романынан үзінді жариялады. Екеуі де 1983, 1989 жылдарда «Советский писатель» баспасынан жарық көрді. «Жарылыс» романының орысша нұсқасы «Жазушы» баспасынан мол таралыммен екінші рет жарияланды.
Жазушының бұл жанрдағы көпшілікке танымал шығармалары – «Шыңғыс хикаясы», «Жарылыс», «Заңды неке» және «Тендерге түскен әйел» драмалары. «Заңды неке» комедиясы Семей театрында 1983-2006 жж. аралығында 600 рет қойылған (Сол оқиға турасында «Егемен Қазақстан» газеті кезінде «Нашар спектакль 600 рет қойылмайды» деген тақырыппен рецензия жариялаған. Ал, «Тендерге түскен әйел» драмасы 2010 жылдан беріде М. Әуезов атындағы академиялық театр сахнасында және бірнеше облыстық театрларда сәтті қойылып келеді.