"Петропавл" "Қызылжарға" айнала ма: облыс әкімі бұл жолы не деп жауап берді

Ғалиасқар Думан

Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Ғауез Нұрмұхамбетов кезекті рет Петропавл қаласының атын "Қызылжарға" ауыстыру бастамасы туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

Облыс әкімінен “қаланың атауын өзгерту мәжілісте де, әлеуметтік желіде де көтеріліп тұратыны тілге тиек етіліп, ол жөнінде қандай да бір өзгеріс бола ма” деп сұралды.

– Рахмет сұрақтарыңызға. Өткенде кездескенде де айттым, халықпен жиі-жиі кездесіп тұрамыз... Петропавл қаласының атын өзгерту деген мәселе қазір күн тәртібінде жоқ. Қала тұрғындары бұл мәселені көтермейді, не үшін, өйткені.. Қаланының тұрғындары қаланы дамыту, жаңа айттық қой қой парк, асфальт төсемелері, спорттық алаңдар жасау мәселелеріне көбірек назар аударады. Осы мәселелерді шешуіміз керек. Тұрғындармен сөйлескенде олардың көбісі Петропавлдың атын өзгертуді көтермейді, – дейді ол.

"Петропавлды" "Қызылжарға" өзгерту дүркін-дүркін көтерілетін мәселелердің бірі. 

Ғауез Нұрмұхамбетов тура бір жыл бұрын да бастамаға жергілікті тұрғындар құлықты еместігін айтып, жауап берген

- Қала немесе көшелердің атауы азаматтар әдетте, ниет білдіріп, өтініш берілген кезде өзгеріп жатады. Бұл қалыпты жағдай. Қазіргі уақытта Петропавл халқын көбінесе жылу, жарық, электр энергиясы мәселелері көбірек алаңдатады. Көшелердегі кәріз жүйесінің мәселелері де бар. Күш салып, соның бәрі жөнделіп жатқанын да азаматтар көзімен көріп отыр. Халық көбінесе скверлердің, ойын алаңдарының ашылуын қалайды. Жолға асфальт төселсе дейді. Қаланың атауын өзгертуді былай қойғанда халықтың басқа мәселелер көбірек алаңдатады, - деген Ғауез Нұрмұхамбетов.

Еске сала кетейік, осыдан төрт жыл бұрын Петропавл қаласының атауын өзгертуді талап еткен «Намыс» жастар қозғалысының белсенділері аймақ басшысы Құмар Ақсақаловқа (сол кезде өңірді әкім болған) петиция жолдаған еді. Петицияны әкімге тапсыру үшін аймаққа арнайы барған жастар «біз күллі қазақтілді аудиторияның арызын арқалап келдік. Солтүстікті қазақтандыру қажет», деген еді.