«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Әсел Жанасованың «Қазпошта» АҚ басқарма басшысы қызметінен кетуіне байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Бұл сауалды журналистер Ақордадағы кулуарлық кездесуде қойған. БАҚ өкілдері Жақыповтан кәсіби менеджерлерден “әдейі құтылуға қатысты” сұрады.
– Менің қағидатты басшылардан құтылуға тырысып жатқаным туралы ақпараттың қайдан шыққанын сұрасам бола ма? Бұл – жала және шындыққа жанаспайтын ақпарат деп ойлаймын, – деді ол.
ЖАНАСОВА ТУРАЛЫ
Жақыповтың айтуынша, Әсел Жанасова Қазпошта басшысы ретінде өз міндетін жақсы атқарған.
– Әсел Жұбанышқызы басқарма төрағасы ретінде жақсы жұмыс істеді. Ол директорлар кеңесі қойған барлық жобаларды іске асыра алды. Қазпошта табыс аймағына шықты, таза пайда көрсеткіші оң болды. Иә, сандар аса үлкен емес, бірақ Қазпошта үшін бұл – өте жақсы нәтиже деп есептеймін, – деді Жақыпов.
ТАҒАЙЫНДАУ
Еске салайық, 8 маусымда Әсел Жанасова президенттің кеңесшісі лауазымына тағайындалды. Ол 1987 жылы Алматыда туған. Кембридж университетін бітірген.
Еңбек жолын 2010 жылы “ENRC Kazakhstan” өндірісті автоматтандыру және байланыс департаментінің ақпараттық технологиялар жөніндегі маманы болып бастады.