Қазақстанда пияз қат па: министр экспортқа шектеу қойылу себебін айтты

Ulysmedia

Қазақстанда пияздың 100 мың тоннадан астам қоры бар. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

«Біз 1,1 млн тонна пияз өндірдік. Өзіміздегі тұтыну көлемі 300 тонна ғана. Мысалы, былтыр 800 мың тонна пияз өзімізге де, экспорттауға да толық жеткен. Биыл әлем бойынша өте қиын жағдай туындап тұр. Негізгі пияз өндіруші елдер түрлі табиғи себептерге байланысты жылдағы көлемді бере алмады. Айталық, Пәкістанда қиындықтар бар. Ал бұл ел пияздың әлемдік қоймасы саналатын. Бір жерінде су тасқыны, бір жерінде қуаңшылық болды. Бұл елдерде экспорт көлемі күрт қысқарды да, біздің пиязды көршілес елдерге шығара бастады», - деді министр ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінен кейін.

Қарашөкеевтің сөзінше,  өзімізде пияздың 100 мың тоннадан астам қоры бар. Ерте пісетін пияз келгенше, көктемге дейін осы пиязды сақтау керек. Осыған байланысты ведомствоаралық комиссия пиязды сыртқа шығаруға шектеу қою туралы шешім қабылдапты.

Министр нарықтағы жағдай өзгермесе, шектеу мерзімі 6 айға дейін созылуы мүмкін екенін айтты.

«Шектеу 6 айға созылуы мүмкін. Ай сайын нарықтағы жағдайды бақылап отырамыз. Қазірдің өзінде біздің өндірушілер өте көп пиязды сыртқа шығарып әкеткен – жақсы бағамен экспорттаған. Біздің пияздың бағасы көтерме деңгеймен келісіне 150-170 теңге болып тұр. Ал Ресейді, Өзбекстан сияқты басқа да көршілерімізді қарасаңыздар, ол жақта көтерме бағаның өзі 240 теңгеден асып кеткен. Сондықтан пияз бағасын тұрақты сақтау үшін сыртқа шығаруға шектеу қойылып отыр. Дәл қазір 3 айға шектеу енгізілген. Нарықтағы жағдай өзгеріп жатса, соған сәйкес әрекет етеміз», - деді ведомство басшысы.