«Назарбаев Зияткерлік мектептеріне» жаңа басшы тағайындалды

Ғалиасқар Думан

Әнуар Жанғозин «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

facebook

Бұл туралы Жанғозин Facebook парақшасында мәлім етті.

«Бүгін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Қамқоршылық кеңесінің шешімімен Басқарма төрағасы лауазымына тағайындалдым. Бұл ұйымда 15 жыл бұрын еңбек жолымды бастап, бірегей тәжірибе алу мүмкіндігіне ие болдым. Алған білімімді кейін түрлі мекемелерде қызмет атқару барысында қолдандым. Енді Зияткерлік мектептерді одан әрі дамытуға бағытталған жұмысқа кірісіп отырмын»,  – деп жазды ол.

Сондай-ақ ол Қамқоршылық кеңес мүшелеріне және мектептің бұған дейінгі басшысы Күләш Шәмшидиноваға үлкен сенім білдіргені үшін шынайы алғысын жеткізді.

«Әдеттегідей, атқарылып жатқан жұмыс нәтижелерімен және басқа да маңызды ақпаратпен өз парақшамда үнемі хабарлап отыруға тырысамын», – деді жаңа төраға.

Айта кетейік, «Назарбаев Қоры» білім беру қорының миноритарлы акционері – Jusan тобына қатысты дауға әлі нүкте қойылған жоқ.

Қаңтардың соңында қор басшысы Аслан Сәрінжіпов мәлімдеме жасаған еді. Оның айтуынша, «Jusan – қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстаннан гөрі өздеріне қауіпсіз саналатын басқа мемлекетке көшіп кеткен адамдардың бақылауына өткен».

«Мен бұл шешіммен келіспейтінімді ресми түрде айтқанымды атап өткім келеді», - деген еді Сәрінжіпов.

Сәрінжіповтің мәлімдемесінен кейін Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтан Назарбаев мектебі мен университетінің келешегі не болатынын сұрағанбыз.

Жуырда Бас прокуратура Алматы соты іс қозғағанын, Jusan тобын Қазақстанға қайтаруға күш салынып жатқанын мәлімдеді.

Порталымыз бұған дейін Қазақстаннан бақылауды жоғалтқанға дейін First Heartland Securities-те (банк холдингінің бөлігі, оның ішінде Jusan Bank) қандай өзгерістер болғанын жазған. Jusan-ға дейінгі тарих та зерттелген еді.