Тоқаев түркі елдерінде алапат апаттардың алдын алудың үш жолын атады

Ulysmedia

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының «Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек» атты кезектен тыс саммитінде сөйлеген сөзінде түркі елдерін арасындағы байланысты нығайту керегін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ақорда

Мемлекет басшысының сөзінше, түркі елдері төтенше жағдай кезінде тиімді әрекет ете білуі керек.

«Бірінші. Біз табиғи апаттың алдын-алу үшін күш жұмылдыруымыз керек. Түркиядағы зілзала қауіп-қатерге қашанда дайын болу қажеттігін көрсетті. Сондықтан, ұйым аясында Төтенше жағдайлар мекемелерінің бірлескен күшін жасақтауды ұсынамын. Оны Алматыдағы Төтенше жағдайлар және алапат жер сілкіністерінің қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықтың негізінде ашуға болады. Бұл орталықты 2016 жылы Қазақстан және Қырғызстан үкіметтері құрған. Бірлескен күшке Ұйымның Азаматтық қорғаныс хатшылығы мәртебесін берген жөн деп санаймын. Ол апаттан зардап шеккен елдерге көмек көрсету жұмыстарын үйлестіретін болады. Осы құрылым аясында халықаралық іс-шаралар ұйымдастырылады», – деді ҚР президенті.

Сондай-ақ, Тоқаев іздестіру және құтқару қызметтерінің дайындығын күшейту мәселесіне назар аударды.

«Екінші. Түркияда болған жер сілкінісі табиғи апаттың алдын алу және оның салдарын жою үшін өзара іс-қимылды үйлестіру қажеттігін көрсетті. Бұл туралы «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжатында нақты айтылған. Сондықтан, іздестіру және құтқару қызметтерінің дайындығын күшейтуіміз қажет. Осы мақсатта елдеріміздегі Төтенше жағдай мекемелерінің күштері мен техникалық құрал-жабдықтарының тізімін әзірлеуді ұсынамын. Бұл шара қиын-қыстау сәтте шұғыл әрекет етіп, апаттың салдарын жою үшін іс-қимылды үйлестіруге мүмкіндік бермек», – деді мемлекет басшысы.

Президент түркі мемлекеттерінің құтқарушылары өзара тәжірибе алмасуы да маңызды екенін айтты.

«Үшінші. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін ақпарат бөлісіп, құтқарушылардың тәжірибе алмасуы өте маңызды. Биыл күзде Қазақстанда «Қазқұтқару» халықаралық оқу-жаттығу жиындары өтеді. Ұйымға мүше елдердің құтқару қызметтерін аталған іс-шараға қатысуға шақырамын. Сол кезде осы салаға жауапты мекеме басшыларының алғашқы басқосуын өткізуге болады», – деді ол.

Еске салсақ, кеше түнде Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ-ның кезектен тыс саммитіне қатысу үшін Анкараға жұмыс сапарымен барды. 

Бұдан бұрын Тоқаев Ердоғанмен кездескен болатын. Түрік басшысы қиын сәтте қолдау көрсеткені үшін Қазақстанға алғыс айтты.