Сотқа Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттығына кандидаттардан 166 арыз түскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл жөнінде бүгін ОСК мүшесі Асылбек Смағұлов мәлім етті.
«Жоғарғы сотқа 55, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарға 104 және аудандық соттарға 7 арыз берілді. Бүгінде сотта 164 арыз-шағым қаралды. Оның ішінде 49 іс қанағаттандырылды, 84 іс бойынша қанағаттандырудан бас тартылды, 15 талап қоюшы арызын кері қайтарып алды және сот 16 арызды қараусыз қалдырды», - деді ол.
ОСК мүшесінің сөзінше, аудандық комиссиялардың шешімдерімен Парламент Мәжілісінің депутаттығына 6 кандидаттың құқығы қалпына келтірілген.
«Оның ішінде Астана қаласы бойынша бесеу және Шымкент қаласы бойынша біреу. Сотқа түскен 166 арыздың 135-і депутаттыққа кандидаттар ұсынған активтер мен міндеттемелер туралы декларациялардағы мәліметтердің дұрыс еместігі туралы, сол сияқты мемлекеттік кіріс органдарынан ақпарат ұсынылғаннан кейін сайлау комиссиялары қабылдаған кандидаттарды тіркеудің күшін жоюға қатысты», - дейді Смағұлов.
Еске салайық, елімізде Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы 19 наурызда өтеді.
Ертең – сайлау алдындағы тыныштық күні, яғни кандидаттарға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады.
Бұдан бұрын жазғанымыздай, Мәжіліске кандидат Арман Шораевқа сайлауға небары 3 күн қалғанда депутаттыққа үміткерлерге қойылатын талаптарға сай екені хабарланған.