"Бәріне бірдей мүмкіндік берілді": Тоқаев сайлау әділ өтті деп есептейді

Ғалиасқар Думан

Астанада өтіп жатқан ҚР Парламентінің бірінші сессиясы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс және мәслихат депутаттары сайлауының әділ өткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

«Үгіт-насихат кезеңін және дауыс беру барысын ақпарат құралдары жан-жақты көрсетті. Партияларға, үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілді. Мұны отандық және шетелдік байқаушылар да айтып отыр. Қандай да бір саяси ұйымға артықшылық берілген жоқ», – деді президент.

Мемлекет басшысы өзі ешбір партияның мүшесі емес екенін атап, облыс әкімдері де партия бөлімшелеріне жетекшілік етпейтінін атап өтті.

“Жоғары лауазымды қызметкерлер партия тізімінде болған жоқ. Яғни, барлық партиялар сайлауға бірдей жағдайда қатысты. Сайлаушылар да, үміткерлер де айрықша белсенді болды. Саяси партиялар әр аймақта ел назарын өзіне аудару үшін тартысқа түсті. Бірнеше рет тікелей эфирде партиялар арасында қызу және тиімді пікірталас болды. Бұл – демократиялық қоғам үшін қалыпты үрдіс. Мұның бәрі Қазақстанда ашық азаматтық қоғамның нығайып келе жатқанын көрсетті»”, – деді Тоқаев.

Сондай-ақ, президент сайлау науқаны кезінде айтылған салмақты ұсыныстар назарға алынатынын айтты.

«Бәсеке жоғары болғандықтан, сайлау нәтижесін алдын-ала болжау мүмкін емес болды. Оның қорытындысы еліміздің нағыз көппартиялы мемлекетке айналу жолында маңызды қадам жасағанын көрсетті. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді деп есептеймін. Алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Біз осының бәріне ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткіздік. Партияларды тіркеу мәселесін реттейтін заңнаманың өзгеруі де бұған септігін тигізді», – деді мемлекет басшысы

Еске салайық, 19 наурызда өткен сайлау қорытындысы бойынша кеше партиялар мен бір мандатты округтер бойынша жеңіске жеткен кандидаттарға депутаттық мандаттар таратылды. Мәжілістің жаңа құрамы толық жасақталды.