Астана әкімі LRT құрылысын қандай компания аяқтайтынын айтты

Ғалиасқар Думан

Журналистер  Астана әкімі Жеңіс Қасымбектен LRT құрылысын қандай мердігер жалғастыратынын сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

«Бас мердігер – Қытай компаниясы. Сол компания аталған нысан құрылысын әрі қарай сала береді», - деді әкім.

Сондай-ақ, ол вагондарға да бас мердігер тапсырыс беретінін айтты.

«Нысанның жылжымалы құрамына да солар тапсырыс береді. Бас мердігер белгілі болғандықтан, нысанды өзі аяғына дейін жеткізеді», - деді Жеңіс Қасымбек.

Еске салсақ, мемлекет басшысы елорданы дамыту жөніндегі жиында LRT жобасына жеке тоқталған.

«LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтау керек. Мен бұрын да айттым, LRT жобасы негізінен қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ, бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал, балама жобалар жоқ. Жалпы, әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, Астананың көлік жүйесін дамытуға арналған кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырамын»,  – деді Тоқаев.

Ақпанда Астана әкімі LRT-ны келесі жылдың соңына дейін іске қосуға уәде берді.

Ал жуырда Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі Astana LRT құрылысына қаржы қашан бөлінетінін айтты