Тоқаев Досхан Жолжақсыновты «Отан» орденімен марапаттады

Ulysmedia

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев актер әрі кинорежиссер Досхан Жолжақсыновты «Отан» орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды ulysmedia.kz Ақордаға сілтеме жасап.

фото: Фильмнен алынған кадр

«Ұлттық мәдениетті, кинематографияны және театр өнерін дамытуға қосқан айрықша еңбегі үшін Досхан Қалиұлы Жолжақсынов «Отан» орденімен наградталсын», - делінген қаулыда.

Осы жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Досхан Қалиұлы Жолжақсынов - актер, әнші, Қазақстаның халық әртісі, Қырғызстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері.

Ол 1951 жылы 7 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында дүниеге келген.

Алматы мемлекеттік өнер институтын тәмамдаған.

1971 жылдан қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актері. 1995-2001 жылдары осы театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі болған.

Актер театр сахнасында және кинода 200-ден астам бейнені сомдаған. Сонымен қатар халық әндері мен қазіргі қазақ композиторлары әндерін шебер орындаушы ретінде кеңінен танымал.

Жолжақсынов ұлттық кино өнерінің дамуына өз үлесін қосып, «Гауһартас», «Даладағы қуғын», «Алтын күз», «Омпа», «Ақ барыстың ұрпақтары», «Көшпенділер» т.б. фильмдерге түскен. «Біржан сал» фильмінің режиссері.