Шетелде өскен қазақ балаларын делдалдар арқылы туристік компания өзге ел азаматтарына сатқан, деп хабарлайды ulysmedia.kz «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы Жанар Байсемізоваға сілтеме жасай отырып.
«Ұлысмедиа» платформасында жаңадан ашылған Qarakoz подкастына сұхбат берген «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы авторының айтуынша, қазақстандық жетім балалар 90-2000 жылдары әлемнің отыз еліне тарап кеткен. Тіпті, Оңтүстік Африка Республикасы, Қытай, Жапония барлығы Қазақстаннан бала алған.
«Қанша бала, қай елге кетті, мен соны бағдарламада барлығын жазып, графикамен көрсеттім. Бірақ, ол сандарға да сенуге болмайды. Өйткені есепсіз кеткен бала көп. Енді балалар жан-жақтан кеткен ғой. Түбі қайдан шықты деп таба алмайсың», - дейді Жанар.
«Мұны сол кезде бизнеске айналдырған ба?» деген журналистің сауалына Байсемізова «Бизнеске айналдырған емес. Ол кәдімгі бизнес болған» деп жауап берді.
Айта кетейік, бұдан бұрын «Шетелдегі қазақ балалары» жобасыны авторы «Фейсбукте» балалардың бәленбай мың долларға сатылғаны туралы пост жазды. Алайды, кейін оны өшіруге мәжбүр болған.
«Мен ол постты да алып тастадым. Қорыққаннан емес, басқадан емес. Балалар бәрін қазақшадан аударып оқып отыр ғой. Олардың жүрегіне тиеді. Ата-анасынан да сондай өтініш болды. Бағдарламада да қосқаным жоқ. Өйткені, ата-аналарының оларды сатып алғаны балаларға өте үлкен соққы», - дейді жоба авторы.
Әр кез полиция таратқан мәліметтерге қарағанда бала саудасы пролемасы Қазақстанда әлі күнге дейін бар. Нәресте 500 мыңнан 1,5 млн теңге аралығында бағаланады.
«Әдеттегідей ұсталып жатқан майшабақтар ғой. Мендегі бар ақпарат бойынша бір компания болған. Ол компанияның бұл балаларға ешқандай қатысы жоқ. Сондай бір туристік компания. Ол делдал. Ортада кімге қанша беру керек шешіп отыратын адамдар болған», - деп мәлімдеді Байсемізова.
Qaraqoz подкастының алғашқы қонағы – журналист, «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы Жанар Бейсемізова. Жанар алғаш 2009 жылы қолға алған шет елдегі қазақ балалары туралы жоба биыл алтыншы маусымын түсіріп, «Жібек жолы» арнасында көрсетілді. Әр жылдары шыққан бағдарлама көрермен тарапынан қызу талқыланады. Саясаттан бастап, әлеуметтік жағдай, білім беру, жемқорлық, жеке индентификация, бала тәрибесі секілді маңызды аспектілерді қамтыған «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы мазмұны мен кәсібилігі жағынан отандық телебағдарламалар арасында қазір көш бастап тұр. Сұхбатты толық көріп үшін сілтемеге өтіңіз.